Арман қуып Түркияға оқуға түспекші болған 100 адам 100 миллион теңгесін қайтара алмай жүр. Әрқайсысы тіл үйрету, оқуға түсіру, жатақханамен қамтамасыз ету, ұшақ құны, Гид секілді қызметтер үшін қыруар қаржы төлеген. Компаниямен келісім шартқа отырған. Алайда бәрі сол қағаз күйінде қалды, уәде орындалмады дегендер компанияның үстінен арыз жазған. Бұған қарсы тарап не дейді?
Ақтөбелік Раушан Қожанова баласын Түркияда оқытпақ болған жандардың бірі. Істің бәрі қағаз жүзінде, келісім шартпен басталған соң сенгенін жасырмайды. Алайда компания уәде еткен қызметті ұсына алмаған. Уақыт өте келе сан соғып қалғанымды түсіндім дейді.
Раушан Қожанова, ата-ана:
Қазір мен білетін зардап шеккендер 100 миллион теңгесін қайтара алмай жүр. Біздің шағымымызға компания өкілдері көз жұмып отыр. Күнде ертеңмен алдайды. Алғашқысында 800 мың теңге бергем. 500-600 мыңға түрік тілін онлайн оқыттық. Оқуға сынақ тапсырмай-ақ түсетін жолдама деп сертификат берді. Алайда ол қағаздың Түркияда мүлдем жарамсыз екенін кейін білдік.
Раушан өзі сияқты тиісті қызметті ала алмағандардың саны 500-ден асатынын айтады. Әрқайсысы кемі 1650 АҚШ долларынан бастап, 5 миллион теңгеге дейін компанияға аударған. Қаржыны жеке адамның есеп шотына салдыртып отырған дейді Ғабит Өмірбеков. Заңгер осы компаниядан зардап шеккен жүз адамды қабылдап, құзырлы органдарға ұжымдық арыз жазған. Алайда әлі күнге дейін қылмыстық іс қозғалмаған.
Ғабит Өмірбеков, заңгер:
Барлық дәйектерді көрсетіп, қылмыстық-процестік кодекстің бабына сілтеме жасап, 179-бабына сәйкес ұжымдық арыз бойынша міндетті түрде қылмыстық іс қозғалады. Бұл бір. Екіншіден бас прокурордың бұйрығына сәйкес қылмыстық іс қозғау туралы арыз түскенде, 24 сағаттың ішінде шешім қабылдануы керек.
Заңгердің сөзінше, осы компаниядан ел бойынша 600-ге жуық адам зардап шеккен. Оның алтыдан бірі ғана құзырлы органдарға шағымданған. Қылмыстық іс республика бойынша тек Астанаға қаласында ғана тіркеліпті. Ал, Алматы қалалық полициясы қазір осы факт бойынша тергеп-тексеру амалдары жүріп жатқанын айтты.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық, процессуалдық әрекеттер жүргізілгеннен кейін қылмыстық іс аясында шешім қабылданатын болады.
Қуан Нұрақын, тілші:
Уәдесінде тұрмады деген компанияның бас кеңсесі мына ғимаратта орналасқан. Біздің сұрауымызға мекеме өкілі жазбаша жауап берді. Айтуынша, Түркия тарапынан студенттерді тіркеуде қиындық болып, соның кесірінен уақыт созылған. Олқылықтың орнын толтырамыз, жауапкершіліктен қашпаймыз дейді. Ал, ата-аналар дереу қылмыстық іс қозғалмаса, жоғарғы құзырлы органдарға шағымданамыз деп отыр.
Қуан Нұрақын