Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының қорытынды отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының қорытынды отырысы өтті

25.11.2022

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының қорытынды отырысы өтті. Жиын барысында үгіт-насихат кезеңінде атқарылған жұмыстар талқыланды. Сонымен қатар халық алдындағы жауапкершілік жайы сөз болып, реформаларды жүзеге асыру жолдары ұсынылды.

Халықтық коалицияның басты міндеті – Президент реформаларын орындау. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының қорытынды отырысында Ерлан Қошанов осылай деді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы айқын жеңісі – қоғамның Президентке деген зор сенімінің және оның реформалар бағытының көрсеткіші екенін айтты.

Ерлан Қошанов, Республикалық қоғамдық штабтың басшысы:

Бұл тарихи сайлау болды. Тарихи жеңіс болды. Біз бұл жеңіске береке-бірлігіміздің арқасында, мемлекетшіл ұстаным мен жоғары саяси мәдениетіміздің арқасында қол жеткіздік. Халықтық коалицияның жұмысы бұнымен аяқталмайды сайлаумен. Сайлауалды бағдарламаны іске асыруға келген кезде және реформаларды президенттің іске асыруға келген кезде біздің барлығымыздың ұстанымымыз бір болуы керек деп ойлаймын.

Штаб басшысы сайлаудың қоғам мен биліктің елдің ертеңгі дамуына қатысты түсінігі ортақ екенін көрсеткенін айтты. Сондықтан, халық Президенттің реформалары белгіленген мерзімде және толық орындалатынына сенімді болуы керек деді жиылғандар.

Олжас Сүлейменов – «Qazaqstan team» жастар ұйымының жетекшісі:

Жастар үшін әділетті Қазақстан өте қажет. Өйткені әділетсіздікке тап болған жас ешқандай бағдарламаға, ешқандай уәдеге сенбейді.

Жиынға қатысушылар реформалардың толық жүзеге асыру баршаға ортақ міндет екенін де атап өтті.

Жақсыбек Күлекеев, қоғам қайраткері:

Сайлаудың нәтижесі қалың бұқара мен прзидент және билік арасындағы жеті жылдық келісімшарт екенін ендігі жерде бәріміз естен шығармауымыз керек. Сондықтан, менің түсінігімде жалғыз президент емес, осы науқанға қатысқан бар азаматтың халық алдында алған ортақ міндеттері бар екенін біз ешқашан естен шығармауымыз керек.

Ал тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров халықты шын мәніде әділетті Қазақстан орнауы үшін жұмыла әрекет етуге шақырды.

Тоқтар Әубәкіров, ҚР Халық қаһарманы:

Алдымызға қойған мақсатымызды, президент бізге қойған мақсатымызға жетуіміз үшін бәріміз бірдей болып ат салысайық, көмектесейік. Сонда ғана президенттің бағдарламасы орындалады.

Үгіт-насихат науқаны кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары 42 қала мен 5000-нан астам ауылды аралады. Олар өткізген шараларға барлығы 3 миллион сайлаушы қатысты. Кездесулер барысында азаматтардан 40 мыңнан астам ұсыныс пен тілек жиналды.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу