Астанада «Әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі» конференциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі» конференциясы өтті

24.11.2022

Астанада өткен ғылыми-педагогикалық конференцияның қатысушылары ұлы ұстаз әл-Фарабидың мұрасымен танысты. Әр облыстан келген мұғалімдер Ұлттық кітапханадағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы құнды деректерді зерттеуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар өзара тәжірибе алмасып, зерттеулерін таныстырды.

Еліміздің әр түкпірінен жиналған ұстаздар Астанада бас қосты. Олар әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өткен ғылыми-педагогикалық конференцияға арнайы келген. «Әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі» атты ауқымды шара елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар ғалымның әр саладағы еңбектерін зерттеп, енгізген жаңалықтарын талдады.

Қымбат Іргебаева, әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы Оқу-әдістемелік бөлімінің жетекшісі:
Ұлттық музеймен, Ұлттық кітапханамен қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Қазір пленарлық отырыстан кейін секция отырысы өтеді. Секция отырысынан кейін Ұлттық кітапханаға барып, Фараби ілімдерінің жазбаларымен танысады.

Ғылыми конференцияда ұстаздар өз зерттеулерін ортаға салып, оны тәжірибе жүзінде қолдану жолдарын талқылады. Әсіресе, әл-Фарабидың бала тәрбиесіне қатысты еңбектеріне баса мән берілді.

Ақбаян Нұртайқызы, Қостанай ауыл шаруашылық колледжінің мұғалімі:
Баяндамам «Уақыттан озбаған нақыл сөз» деген. Әл-Фараби атамыздың нақыл сөздерін жұртқа көрсету, түсіндіру. Тәрбиесінен қисықтық кеткен оқушылармен қалай жұмыс істеуге болатыны жөнінде өзім зерттеп келген болатынмын.

Сонымен қатар, конференцияда әл-Фараби дүниетанымының негізгі ерекшеліктерін, оның философия, лингвистика, психологияға арналған еңбектерінің түпкі идеялары, адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесі жан-жақты талқыланды. Пленарлық отырыста ұлы ойшылдың философиялық мұрасының әртүрлі аспектілеріне арналған баяндамалар оқылды. Әдебиет, өнер, ғылым, тәрибие бағыттары бойынша 4 секция жұмыс істеді. Республикалық ғылыми-практикалық конференцияда оқылған материалдар арнайы жинақ пен Әдістемелік орталықтың ресми сайтына жарияланады.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу