Алматыда осыдан үш күн бұрын басталған жаңбыр әлі басылар емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда осыдан үш күн бұрын басталған жаңбыр әлі басылар емес

23.11.2022

Алматыда осыдан үш күн бұрын басталған жаңбыр әлі басылар емес. Соның салдарынан 300-ден астам жол апаты тіркелген. Зардап шеккендер де бар. Қала көшелерін су басып, тұрғындардың жүріп тұруы, көліктердің қозғалысы қиындаған. 

72 сағат бойы толассыз жауып тұрған жаңбыр халықты әбден әбігерге салды. Міне, қазірдің өзінде сіркіреп тұр. Көптеген үйдің ауласы мен көшелерді басқан. Әлеуметтік желіде қаладағы 1 балабақшаның төбесінен су сорғалап тұрған видео да тарады. Ең қиыны, мегаполисте тұрғындардың жүріп-тұруы, көліктердің қозғалысы қиындады. Ауа райының қолайсыздығынан Алматыда жол-көлік оқиғасы күрт көбейді.

Салтанат Әзірбек, Қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:
Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция басқармасының мәліметінше, қарашаның 20-нан 22-не дейін Алматы қаласында 314 жол-көлік оқиғасы орын алды. Оның 85-де адамдар дене жарақаттарын алған болатын. Өкінішке қарай жол көлік оқиғаларының салдарынан 1 адам көз жұмды.

Жауынның салдарымен күресуге коммуналдық мекемелердің 52 техникасы мен 100-ден астам адам жұмылдырылды. Синоптиктердің хабарлауынша алдағы күндері де ауа райы құбылмалы болады. Жел тұрып, қалың тұман түседі. Қар аралас жаңбыр жауады деген болжам бар.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу