Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте ынтымақтастықтың түрлі бағытына қатысты еліміздің ұстанымын жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте ынтымақтастықтың түрлі бағытына қатысты еліміздің ұстанымын жеткізді

23.11.2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте ынтымақтастықтың түрлі бағытына қатысты еліміздің ұстанымын жеткізді. Ұйымға мүше елдер басшыларының қорытынды кездесуі күрделі геосаяси қайшылықтар мен бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер жағдайында өтіп жатқанын айтты. Оның сөзінше біздің аймақта бүкіл Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылыққа, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін жанжалдар әлі де жалғасып жатыр. Мұндай жағдайда ашық, шынайы, конструктивті диалогты сақтау және дамыту өте маңызды. Бұл – күрделі дағдарыстар мен қайшылықтардан шығудың тиімді әрі оңтайлы жолы деді, Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы ретте Армян-Әзербайжан қақтығысын дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған шараларды қолдаймыз. Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне бәріміз де мүдделіміз. Ресей тарапының бітімгерлік әрекеттері Армян-Әзербайжан қақтығысын тек саяси-дипломатиялық жолмен шешуге және екі жақтың бейбіт келісімге қол қоюына мүмкіндік береді деп үміттенеміз.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдайға арнайы тоқталды. Айтуынша ондағы жағдайды реттеу жолдарын қарастыру – ұйымның оңтүстік шекараларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі. Қазақстан осы елдің өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу үшін Ауғанстан басшылығымен өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Біз Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп келеміз деді, Президент. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы ұйым аясындағы іс-әрекетті одан әрі дамытуға байланысты бірқатар ұсыныс айтты. Әрі армян тарапына және Никол Пашинянға бірлестік төрағасы ретіндегі табысты жұмысы үшін алғыс айтып, Беларусь президенті Александр Лукашенконың 2023 жылы атқаратын төрағалығына сәттілік тіледі.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу