Қызылорда облысы, Қазалы ауданында үш бірдей ауылға табиғи газ тартылуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін осы елдімекендерге көгілдір отын берілсе, аймақты газбен қамту көрсеткіші 68 пайызға жетпек.
Биыл Жалаңтөс батыр ауылына газ келетінін естіп, айрықша қуанған жанның бірі Әлия Әлішқызы. Жетпісті еңсерген кейуана әлі күнге дейін пешке от жағып, ошақ басындағы тірлікті өзі атқарады. Енді ауылға көгілдір отын берілсе, бұл бейнеттен де құтылатын күн алыс емес дейді ол.
Әлия Әлішқызы, Жалаңтөс батыр ауылының тұрғыны:
Таңертең жағамыз, күлін шығарамыз. Кешке жағамыз оған жыли қоймайды. Көмір де қымбат, қымбат болғанымен дұрыс жанбайды да ол көмір. Енді мына ауылымызға газ келіп қуанып жатырмыз.
Ал Пірімов ауылының жұрты жылда қатты отыннан тарығатын. Оның үстіне қазір көмірдің де бағасы қымбаттап кетті. Қатты отынға қаржысын жеткізе алмай қалтасы жұқарған тұрғындардың бар уайымы қыстан қысылмай шығу.
Жеткербай Оспан, Пірімов ауылының тұрғыны:
Кешегі бір уақыттарда көмір мәселесі деген қиын болды. Оның үстіне бізге тамызық керек көмірге. Оның бәрі проблема ғой халықтың. Енді мынау рахат емес пе бір шырпымен тұтатып бәрін.
Жалпы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Жалаңтөс, Пірімов, Басықара елдімекендері көгілдір отынға қосылмақ. Бүгінде газ станциялары орнатылып, үй-үйге құбырлар тартылып қойды. Игі жоба жүзеге асса 4 мыңнан аса тұрғын табиғи газдың игілігін көретін болады.
Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі:
Қазір құрылыс жұмыстары толық аяқталуға жақын. Үш ауылға 56 шақырым ішкі газ желісі жүргізілді. Қазір құжаттандырылып, «ҚазТрансГазАймаққа» ұсынылып, көгілдір отынды алу жұмыстары жасалуда. Осы келер айдың басында осы үш ауылды газға қосу жұмысын жасап жатырмыз.
Соңғы жылдары облыста газдандыру жұмыстары қарқын алып, осы кезге дейін 20 елдімекен көгілдір отынға қосылды. Биыл тағы үш ауыл қамтылса, бұл көрсеткіш аймақ халқының 68 пайызын құрайды.
Әділбек Серікұлы