Кандидаттар Қасым-Жомарт Тоқаевты жеңісімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кандидаттар Қасым-Жомарт Тоқаевты жеңісімен құттықтады

21.11.2022

Саяси науқан аяқталды. Халық өз таңдауын жасады. Сайлау кезінде бірнеше саяси ұйымдардың жүргізген сауланамасының яғни "Exit poll" нәтижесі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала жасаған қорытындысы да осымен ұқсас. Жан-жақты мәліметке қаныққан кандидттар бүгін ел Президентін құттықтады.

Республикалық кәсіподақтар Достастығының атынан сайлауға түскен кандидат Мейрам Қажыкен әлеуметтік желі арқылы үндеу жасады. Ол саяси науқанда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты және ел тұрғындарын құттықтады.

Мейрам Қажыкен, Президенттікке кандидат:
Құрметті отандастар мінекей сайлау да өз мәресіне жетті. Сайлаудың алдын ала нәтижесіне куә болдық. Халық таңдауын жасады. Жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлын құттықтаймын. Саяси додаға қатысқан өзге де кандидаттарға жақсылық тілеймін!

Кандидат Қарақат Әбден түнде «Exit poll» нәтижесін штаб мүшелерімен бірге отырып тыңдады. Үміткер үзеңгілестерін сайлау науқаны аяқталуымен құттықтап, атқарған жұмыстары мен төккен тері үшін алғысын айтты. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Ол халыққа бірлік пен береке қажет екенін айтып, Мемлекет басшысына мықты денсаулық, толағай табыс тіледі. Сонымен біре, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясынан кандидат Жигули Дайрабаев Мемлекет басшысын құттықтады.

Жигули Дайрабаев, Президенттікке кандидат:
Қасым-Жомарт Тоқаевты жеңісімен құттықтаймын! Ел игілігі үшін еңбек етеді деп кәміл сенемін! Жаңадан сайланған Мемлекет басшысына ел басқару ісінде табыс тілеймін.

«Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясынан президенттікке кандидат болған Нұрлан Әуесбаев пен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан сайлауға қатысқан Салтанат Тұрсынбекова саяси науқанда айқын басымдықпен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтады.

Салтанат Тұрсынбекова, Президенттікке кандидат:
Қасым-Жомарт Кемелұлы, сізді сенімді жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Барлық жоспарларыңыздың орындалуына сәттілік тілеймін! Мен өз тарапымнан сізге жан-жақты қолдау көрсетуге дайынмын.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу