Өрт сөндірушілер Асқар Забикулинді бір минут үнсіздікпен еске алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өрт сөндірушілер Асқар Забикулинді бір минут үнсіздікпен еске алды

21.11.2022

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіруші Асқар Забикулинді бір минут үнсіздікпен еске алды. Өздері қызмет ететін мекеменің ауласында сап түзеп, өртеніп жатқан пәтердің ішінен бірнеше адамды құтқарып үлгерген марқұмның рухына құрмет көрсетті. Үзеңгілес достары Асқардың өте белсенді қызметкер болғанын айтады. Спорттың бірнеше түрінен департамент намысын қорғаған. Қайғылы жағдайға дейін жақында болатын жарыстарға дайындалып жүрген.

Назарали Селимов, қалалық ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі мемлекеттік мекемесінің бастығы:

Петропавл қаласында 30 қараша-2 желтоқсан күндері аралығында өткізілетін жарысқа баруы керек еді. Келесі айда біздің министрдің кубогы өткізіледі хоккейден. Барлық құрылымдар арасында Астана қаласындағы. Сол жарысқа да қатысуы керек еді біздің Забикулин Асқар.

Оқыс оқиға осыдан 5 күн бұрын таңертеңгілік уақытта Бауыржан Момышұлы көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің бірінде орын алған. Куәгерлер қызыл жалын 11 қабаттағы пәтерден шыққанын айтады. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілердің бір тобы жоғарғы қабаттан арқанмен түсіп, іштегі адамдарды құтқаруға кіріскен. Болған жайтты көзімен көрген осы үйдің тұрғыны Нұрлан Молдахметов құтқарушылардың жылдам әрекет етуінің арқасында өрт зардабы барынша азайғанын айтады.

Нұрлан Молдахметов, қала тұрғыны:

Өте қатты болды, жанды. Өрт қатты болды. Бірақ өрт сөндірушілер әйтеуір бар күшін салып, көп техникалар келді. Өшірді бәрін, сөндірді. Олар үлкен еңбек жасады. Біреуі ішінде қатты күйік шалып, 80 пайыз деді ғой деймін, күйік шалып, ауруханаға түсті деп естідім.

Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу