Қаланың іргесінде тұрса да таза суға зәру. Петропавлдан небәрі 50 шақырым жерде орналасқан Виноградовка ауылының тұрғындары көл суын ішіп отыр. Мәселе 20 жылдан бері шешілмеді. Қазынадан 6 млрд теңге бөлініп, 3 шақырым құбыр тартылғаннан кейін жұмыс тоқтап қалған. Ауыз суды күте-күте күдер үзген көпшіліктің көл жағалағанннан басқа амалы жоқ.
Ауылы тұрғындарының көрген күні осы. Әркім суды шамасы келген әдіспен тасиды. Жылдар бойы таза суды қанып ішпеген жұрт жазда балдыры мен батпағы аралас көл суын місе тұтуға мәжбүр. Қыста мұз ояды.
Светлана Гришина, ауыл тұрғыны:
Қыс бойы суаттан ішеміз. Менің мұзды тесуге шамам жоқ. Сондықтан таңертең ер адамдар келіп су алғанша күтемін. Көктем, күзде жер саз болғанда фляга сүйремек түгіл, өзіміз жүре алмай қаламыз.
Ауылда 500 адам бар. Тұрғындардың айтуынша соңғы жылдары онкологиялық ауруларға шалдыққандар саны артқан. Көпшілік оны сапасыз ауыз судан көреді.
Клавдия Акимова, ауыл тұрғыны:
Қоқым көп шығады. Суды сүзіп қана ішеміз. Осыдан басқа тіршілік нәрі жоқ. Денсаулыққа зиян. Жолдасым онкологиялық диспансерде есепте тұр. Бүйрек асқынған.
Ауылда жергілікті су құбыры болған, бірнеше құдық жұмыс істеп тұрыпты. Алайда уақыт өте қондырғылар жарамсыз болып қалған.
Эльмира Кәленова, тілші:
Мына табиғи су қоймасы Мүктікөл атанып кеткен. Тұрғындардың айтуынша, жазда судың бетін мүк басып қалады. Жағымсыз иіс шығып тұрса да, осыны пайдаланудан басқа амал жоқ.
Жаңа су құбырына бөлінген қаржының 10 пайызы ғана игерілді. Жобаға тапсырыс беруші – Су ресурстары комитеті. Мемлекеттік мекеме «Қазбайлық-Астана» компаниясымен келісімшартты бұзған. Оған жұмыстың сапасыз әрі баяу жүруі себеп. Жобалық-сметалық құжаттарда да олқылықтар анықталып, түзетулер енгізілген.
Ақылжан Қартбаев, Су ресурстары комитетінің баспасөз хатшысы:
Жобаның аяқтаулы 2024-шы жылы жоспарлануда. Жалпы ұзындығы 118 километр болады. Нәтижесінде 16 ауылдық елді меекенде су құбырларының жағдайын жақсартуға мүмкіндік туады.
Сапалы ауыз су – өңірдегі өзекті мәселелердің бірі. Солтүстік Қазақстанда 226 ауыл тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Таза сумен қамтылмаған елді мекендерде облыс халқының 26 пайызы тұрады.
Эльмира Кәленова