Байқаушылар дауыс беру әділ өткенін мәлімдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байқаушылар дауыс беру әділ өткенін мәлімдеді

21.11.2022

«Қазақстандағы сайлау процесі ашық әрі әділ өтуіне жағдай жасалған. Ол ұлттық заңнамаға және халықаралық талаптарға сай өтті. Азаматтардың дауыс беруіне барынша қолайлы жағдай жасалған». Кеше елдегі барлық ашық сайлау учаскелерінде жұмыс істеген «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі осындай мәлімдеме жасады.

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дауыс берушілер тізіміне 12 миллионға жуық азамат енген. Алдын ала зерттеулер электораттың 68,7 пайызы қатысқанын айтады. Республикада дауыс беруге арналған 10 101 учаске жұмыс істеді. Ал сайлаудың заң талаптарына сай, әділ өтуін байқаушылар бақылады. Саяси науқанда 22 мыңға жуық мүшесі жұмыс істеген «Партиялық емес байқау орталығы» ұйымы екі заң бұзушылық тіркеген.

Төлеген Күнәділов, «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Қарағанды облысындағы жағдайда мысалы, бір сайлаушы өзін және баласының жеке куәлігімен келген болатын. Соған екі бюллетень берген уақытта біздің байқаушыларымыз көріп осы мәселені, сайлау комиссиясының төрағасына ескертіп, акт толтырған болатын.

Байқаушылар сайлау күні учаскелердің ашылуынан бастап дауыс санауға дейінгі барлық кезеңіне қатысқан. Олардың пікірінше, бақылаушыларға еш жерде ешқандай кедергі болмаған. Талап етілген нәрселер жергілікті сайлау комиссияларының мүшелері тарапынан лезде қамтамасыз етілген. Байқаушылар ескерту жасаған соң кемшіліктер түзетілген.

Төлеген Күнәділов, «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Бюллетеньге алдын ала қол қойған фактілер анықталған болатын. Біз дереу сол учаскедегі байқаушыға хабарласып, ол сол мәліметті растады. Байқаушылар ауызша айтқаннан кейін ол мәселені тоқтатқан болатын. Осындай сиияқты мәселелерде ауызша айтқан кезде ескеріліп, жойылып, жалпы алған кезде сайлаудың әділ, ашық және әділетті өтуіне кедергі жасайтын заң бұзушылықтар тіркелген жоқ.

Байқаушылар бір ғана Астананың өзінде көптеген сайлаушының балаларымен, отбасымен бірге келіп, дауыс беріп жатқанының куәсі болғандығын айтты. Яғни бұл астаналықтар үшін мереке ретінде қабылданғаны сезіліп тұрғандығын айтты. Қазір сайлаушылар берген дауыс саналып жатыр. Орталық сайлау комиссиясының мәлімдемесіне дейін түрлі ұйымдар жүргізген сауалнама нәтижелері шығып жатыр. Егер ресми қорытынды мен exit poll есебінде айырма аз болса, сайлау әділ өтті деп сеніммен айтуға болады.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу