СҚО-да 125 шөбере сүйген кейуана дауыс берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да 125 шөбере сүйген кейуана дауыс берді

20.11.2022

Сайлау ауыл тұрғындары үшін айтулы мерекеге ұласуда. Саяси науқанға көпшілік отбасымен барып дауыс беріп жатыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында бір отбасынан 20 адам дауыс берді. Бәйтерек ауылының үлкені Гүлсім Мырзақұлованың жасы 91-де. 12 құрсақ көтерген кейуана 45 немере, 125 шөбере мен 4 шөпшек сүйіп отыр. 

Мырзақұловтар 10 жыл бұрын Өзбекстаннан атажұртқа қоныс аударған. Қазір 15 шаңырақ болып түтін түтетіп отыр. Әулетте мұғалім, дәрігер, бағбан, кәсіпкер, есепші, әскерилер мен қолөнер шеберлері бар. Үлкен отбасы кез келген істі бірге атқаруды дәстүрге айналдырған.

Гүлсім Мырзақұлова, Бәйтерек ауылының тұрғыны:
Әрдайым сайлау болса, балаларым апарып тұрады, мен бара беремін. Құдайға шүкір, бәрінің машинасы бар, алып барады, алып келеді. Президентті сайлайық, менің жасыма жетіп жүрсін, сол Президент.

4 буын өкілі бірге таңдау жасады

Шымкент қаласында да бір отбасыдан тараған төрт буынның өкілдері сайлау учаскесіне бірге келіп, дауыс берді. Ынтымағы мен ауызбіршілігі жарасқан әулетті жасы 90-ға келген Дариға әжей өзі бастап келді.

Дариға Жансейітова, қала тұрғыны, тыл ардагері:
Дауыс беру себебім, осы балаларымның болашағы бақытты, дені сау, еліміз қуатты ел болса екен, шөберлерімнің өмірі жақсы болса екен деген ниетпен келіп дауыс беріп тұрмын. Халқымыз аман, деніміз сау болсын!

Ал, Ақтөбеде сайлау учаскелерге ұжым болып келіп жатқандар бар. Солардың бірі ұшқыштарды даярлайтын Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс институтының курсанттары.

Нұрболат Молдабек, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс институтының курсанты:
Біздің мемлекетіміз үшін маңызды күн. Себебі, өзім әскери институтта оқығандықтан болашақта еліміздің қауіпсіздік саласында қызмет ететіндіктен мен үшін еліміздің саяси және экономикалық тұрғыда тұрақты болуы маңызды. Және сол тұрақтылық пен жарқын болашақ үшін мен өз таңдауымды жасадым.

Қызылорда көппен бірге жергілікті «Қайсар» футбол клубының ұжымы мен ойыншылары да өз таңдауын жасады. Биыл футболдан бірінші лиганың күміс жүлдесін жеңіп алған команда қаладағы №206 сайлау учаскесіне барды.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу