Қазақстандағы сайлау процесі ашық әрі әділ өтіп жатыр. Азаматтардың дауыс беруіне барынша қолайлы жағдай жасалған. Бұл туралы бүгін Астанадағы сайлау учаскелеріне алғаш болып барған ТМД Парламентаралық ассамблеясының өкілдері мәлімдеді. ТМД Парламентаралық бақылаушылар тобы 67 адамнан тұрады. Олардың бір тобы астанада жұмыс істеп жатыр, енді бір бөлігі аймақтарға аттанған. Байқаушылар құрамы сенатор, депутат, сарапшылардан тұрады. Олар бұған дейін сайлау алдындағы дайындық барысымен танысты, еліміздің сыртқы істер министрлігі басшыларымен, кандидаттармен, Орталық сайлау комиссиясының өкілдерімен кездесулер өткізген. ТМД өкілдері Қазақстандағы және шетелдегі сайлау учаскелерінің жұмысына мониторинг жасау үстінде және қорытындысы сайлаудан кейін жарияланады. Айта кетейік, еліміздегі саяси науқанды бақылауға 641 халықаралық байқаушы тіркелген. Олардың 532-сі халықаралық ұйымдардың өкілдері,қалған 109 байқаушы әлемнің 35 елінен келген.