Қостанай өңірінде халық дауыс бере бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай өңірінде халық дауыс бере бастады

20.11.2022

Ал қазір бізбен тікелей байланыста Қостанай облысы. 

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Қостанайда әлі қараңғы. Бірақ аспан ашық, ауа райы тынық. Біз қазір облыс орталығындағы №16 дауыс беру учаскесінде тұрмыз. Учаскенің өз жұмысын бастағанынан санаулы минуттар өтті. Ең белсенді деген азаматтар ерте келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Бұл жерде 1600-ге жуық сайлаушы тіркелген. Ал жалпы Қостанай облысындағы дауыс беру құқына ие азаматтар саны 500 мыңнан асады. Оларға 745 сайлау учаскесі қызмет көрсетуде. Менің қасымдағы бірінші курс студенті Қарақат Әбдікерімова. Ол жуырда 18-ге толған. Сондықтан бүгін бірінші рет өз таңдауын жасағалы тұр. 

Қарақат Әбдікерімова, студент:

Кәмелеттік жасқа толған соң әр адамның мойнына қоғам алдында, ел алдында жауапкершілік жүктеледі. Соның бірі осы сайлауға қатысып таңдау жасау. Бұл менің азаматтық борышым. Сондықтан осы кезектен тыс Президент сайлауы өтетіні жарияланған күннен бастап өз таңдауымды жасауым керек деп шешім қабылдадым. Дауыс беру арқылы мен еліміздің болашағы жарқын болуына өз үлесімді қосамын деп есептеймін. Сол себепті де бүгінгі күн мен үшін аса маңызды. 

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Еліміздің ертеңіне бей-жай қарамайтын әр азамат бүгінгі сайлаудың маңыздылығын түсінеді. Сондықтан облыс тұрғындарының басым бөлігі бұл саяси науқаннан бейтарап қалмауы тиіс. 


Хабарламаларға жазылу