Ауыл шаруашылығымен айналысатын отбасы көпті көкөніспен қамтамасыз етіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығымен айналысатын отбасы көпті көкөніспен қамтамасыз етіп отыр

19.11.2022

Ал Түркістан облысының шаруалары өзге аймақтарды көкөніспен және бақша өнімдерімен қысы-жазы қамтамасыз етіп келеді. Диқандар өнімді алыс-жақын шетелге де шығарып, табыс табуды қолға алған. Әсіресе жылыжай ісін дамытып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар аз емес. Мәселен Сайрам ауданында ашылған жылыжайдың аумағы 11 гектарды құрайды. Ауыл халқы тұрақты жұмыспен қамтылып, қияр мен қызанақтың түр-түрін өсіруде.

Қарамұрт ауылының тұрғыны Гүлмира Исақова үш жылдан бері жылыжайда жұмыс істейді. Күніне 250 келіге дейін қызанақ тереді. Жылыжайдың бір бөлігінде Гүлмира секілді 50-ге тарта ауыл тұрғыны жұмысқа тартылған.

Гүлмира Исақова, Қарамұрт ауылының тұрғыны:

Бір қатардан 16-15 коробка шығады. Бір күнде 16-15 қатар істейміз. Жұмысымыз жақсы, жылы жай. Айлығымыз уақтылы беріледі.

Қызанақтың бес түрін өсіретін жылыжайдың жылдық өнімділігі гектарына 500-600 тоннаны құрайды. Дайын өнім Ресейдің бес қаласына және Астана, Алматы, Қарағанды мен Шымкентке тасымалданады.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Замануи үлгідегі жылыжайда күніне 25 тоннаға дейін қызанақ теріледі. Мәселен мына бір көшет 12 метрге дейін өседі. Әрі жыл бойы 23-25 келіге дейін өнім береді.

Соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған нысанда көкөніс өсіруге барлық жағдай қарастырылған. Қызанақтың көшеті Голландиядан тасымалданып, барлық талапқа сай күтім жасалады.

Нұрболат Жолдықараев, бас агроном:

Оған керекті көмірқышқыл газы бар, оған керекті жарықтандыру деген мәселе бар. Керекті температура мен керекті тыңайтқыштар барлығы компьютермен басқарылады. Барлығы автоматтандырылған. Біздің жылыжайда 150-170 адамға дейін жұмыс істейді жыл бойына.

Түркістан облысында 3 мыңнан аса жылыжай бар. Жалпы аумағы 1 625 гектарды құрайды. Бұл еліміздегі жылыжайлардың 70 пайызынан асады. Ал мемлекет тарапынан шаруаларға субсидия бөлінеді.

Асыл Әсетов, Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

Жылыжайларға бізде мемлекеттік қолдаудан удобрениелерге беріледі, минералды тыңайтқыштарға 50 пайызға беріледі. Сосын барып элитный тұқымға беріледі. Оған да 50 пайыз. Сосын жаңадан іске қосылған болса, 25 пайыз инвестициялық субсидиялар беріледі.

Жыл басынан бері өңірде 100 гектардан астам аумақты алып жатқан жылыжай кешендері салынды. Оның 26-сы өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай болса, қалғаны фермерлік жылыжайлар. Осы жылы олардан 180 мың тонна өнім жиналып, 28 мың тоннадан астамы экспортқа шығарылды.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу