Өркендеген өндіріс: Қостанайда 300 адам жұмысқа орналасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өркендеген өндіріс: Қостанайда 300 адам жұмысқа орналасады

18.11.2022

Қостанайдағы автомобиль жасау зауытында жыл соңына дейін тағы екі көлік түрін құрастыратын желі іске қосылады. Соның арқасында 300 жаңа жұмыс орны пайда болмақ. Ал ауылшаруашылығы техникасын құрастыратын кәсіпорында «Ловол» тракторларының кабинасы жасала бастады.

Қостанайдағы «АгромашХолдинг KZ» зауыты ауылшаруашылығы техникаларын өндіреді. Биыл тоғыз айда кәсіпорын желісінен мыңға тарта «Есіл» комбаиндары мен «Ловол» тракторлары шығарылған. Сонымен қатар дән сепкіш, соқа тәрізді дүниелер де жасалады. Биыл «Ловол» тракторының кабиналарын жинақтайтын желі іске қосылды.

Николай Пархоменко, кәсіпорынның коммерциялық директоры:
Өндіріс ауқымы былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 35 пайызға өсті. Дәстүрлі «Есіл» және «Ловол» маркаларының сыртында «Дойц-фар» маркалы трактор мен комбаиндар жасай бастадық. Себебі бұл техникалар еуропалық стандартқа сай, сондықтан сұраныс бар.

Биылғы жоспарға сәйкес осы жаңа маркалы трактордың 68-і, комбайнның 14-і құрастырылған. Алдағы жылы өндіріс ауқымын 40 пайызға көтеру жоспарланып отыр.

Өркендеген өндіріс: Жылына 35 мың көлік шығарылады

Ал Қостанайдағы машина жасау зауыты 2010-шы жылдан бері тұрақты жұмыс істеп, өзінің өндіріс ауқымын біртіндеп кеңейтіп келеді. Бүгінде бұл жерден әлемге танымал брендтік маркалы автокөліктің бірнеше түрі құрастырылады. 2 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Владимир Солосин, жұмысшы:
Менің мұнда жұмыс істегеніме төрт жыл. Дәнкерлеруші болып еңбек етемін. Жұмысым өзіме жайлы, ұнайды. Барлық еңбек қатынастары талаптары қатаң сақталады.

Биыл жыл соңына дейін зауытта «Лада гранта» және «Киа Спортейдж» маркалы автокөліктерді құрастыратын тағы екі цех ашылады.

Александр Трубников, Автокөлік өндірісі басқармасының басшысы:
Қазір сырлау цехын роботтандыру жұмысы жүріп жатыр. Бұл өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Ал жаңадан ашылатын желінің арқасында тағы 300 адам тұрақты жұмысқа тұрады.

Жаңадан ашылатын желілерден бір жыл ішінде 35 мың көлік шығарылатын болады.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу