Ақмола облысында мектеп қазандығында жарылыс болып, үш адам зардап шекті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Аршалы ауылы, Писарев көшесінде болған. Тәшенов атындағы орта мектеп аумағында жылыту қазандығы жарылып, ғимарат бұзылған. Қазандықта жұмыс істейтін зардап шеккен 1983, 1990 және 1967 жылғы үш адам ауруханаға жатқызылды. Құтқарушылар бір жұмысшыны үйіндінің астынан шығарып алған.
Зардап шеккендердің бәрі есін біледі, жағдайы нақтыланып жатыр-деді министрлік өкілі. Жарылыстан мектеп терезелері сынып, білім ордасы қашықтан оқытуға көшті. Зардап шеккен оқушылар жоқ. Жергілікті атқарушы органдар сол жерде жедел штаб құрып, жылумен қамтамасыз ету шаралары жүргізіліп жатыр.
Хрип Альбина Анюхина, Аршалы аудандық ауруханасының бас дәрігері:
Бір науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Бетінің 5 пайызын күйік шалған. Екіншісінің де басы күйген. Сондай-ақ мойнына, екі санының 15 пайызына зақым келген. Екеуі де хирургиялық бөлімшеде ем алып жатыр. Үшінші адамның денесінің 40-50 пайызын күйік шалған. Табан сүйегі бірнеше жерден сынған. Жағдайы аса ауыр.
Саламат Омаш