Қазақстанның гендерлік теңдік бойынша көрсеткіштері жақсарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның гендерлік теңдік бойынша көрсеткіштері жақсарды

17.11.2022

Қазақстанның гендерлік теңдік бойынша көрсеткіштері жақсарған. Былтыр 80-ші орында болса, биыл 65-ші орында. Бұл туралы «Қазақстан дамуының жаңа сатысындағы отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат» атты Халықаралық ғылыми конференцияда айтылды. Жиынға отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы әйелдер құрылымы өкілдері Қазақстандағы гендерлік саясат бағытындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Әсіресе, Президент сайлауына қатысып жатқан кандидаттардың екеуі әйел азамат екеніне ерекше тоқталды. Конференцияда гендерлік теңдіктен бөлек, балалар қауіпсіздігі, бақытты отбасы моделін қалыптастыру, демографиялық даму перспективалары, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Қазақстанның соңғы үш жылдағы тәжірибесі де сарапқа салынды.

Аида Балаева, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары:

Халқымыз ұлттық тәрбиемен салт-дәстүр нормалары арқылы отбасы құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Бүгінгі жаһандану заманына сай жан-жақтан үйрену қазіргі заманның талабы. Әсіресе Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басатын шағында ғылыми тәсілдерді зерделеп, сарапшылардың ой-пікіріне құлақ асу маңызды.

Нәзипа Шанай, Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің төрайымы:

Отбасы бақытты болу үшін біз толығымен отбасыны қолдауымыз керек. Әкеден бастап балаға дейін. Бүгінгі таңда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осындай отбасыларды ары қарай дамыту үшін тұжырымдасын қарап жатыр. Жылдың аяғына дейін тұжырымдама бекітіледі.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу