Қазақстандықтардың акция сатып алуға деген қызығушылығы төмен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтардың акция сатып алуға деген қызығушылығы төмен

16.11.2022

Құнды қағаздар сатылымға шығарылып жатқанымен, қазақстандықтардың акция сатып алуға деген қызығушылығы төмен. Акционерлер мен қаржы саласының мамандары осылай деп отыр. Шетелдіктер үшін құнды қағазды сатып алу дағдыға айналса, бізде бұл әлі де таңсық сала. Ал акционерлерді көбейту, ел экономикасын көтерудің бір тетігі. Акционер атану үшін нені білу керек?

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Акция - белгілі бір компанияның сатылымға шыққан үлесі. Әуелі, одан құнды қағазды сатып аласыз. Брокерлік шот ашасыз. Осылайша акционер атанасыз. Ескеретін жайт, акция құны компанияның кірісіне байланысты. Мәселен, депозитте сақтаған қаражатыңыздың сыйақысы ай сайын тұрақты түрде 10-15 пайызға артса, акция құны әртүрлі. Бірде 40 пайызға бірде тіпті 200 пайызға дейін өсуі мүмкін. Немесе керісінше құны құлдырайды. Сол үшін «сауатты» сауда жасау маңызды.

Нұрбол Қалымбек - 22 жаста. Тәуекелге бел буған жас акционер. Әуелі отандық банктен акция сатып алған. Кейін америкалық компаниялардың құнды қағаздарына қызығады. 3 жылдан бергі табысы әжептәуір. Қазір 40 млннан астам теңгесі айналымда жүр.

Нұрбол Қалымбек, акционер:

Бастапқыда қорқыныш болды. Бұл қазақстанда мүлдем дамымаған сала. Қазір үшінші жыл. Табыс көзін алып келетін салама айналды. Қарапайым адам ең бірінші білім алған жөн. Менің өзім мыңға жуық адаммен жұмыс істедім. Көпшілігі алданып қалып жатады.

Бейресми статистикаға сүйенсек, еліміздегі акционерлер саны 1 пайыздан да аспайды. Экономистер мұны халықтың әлеуметтік жағдайымен байланыстырып отыр.

Рашид Жақсылықов, экономист:

Үйіндегі кір машинаны кредитке алып отырған отбасы ІРО-ны қайдан алсын. Жасыратын зат емес.

Дегенмен, қаржы мамандары акционер болудың пайдасы барын жоққа шығармайды.

Рашид Жақсылықов, экономист:

Мұның екі пайдасы бар. Үлкен ұлттық компанияларға таңданбай, қатысып үйренеміз. Экономикалық тәжірибе ретінде. Екінші тезірек жылдамырақ, ұлттық компанияларды ашық түрде жұмыс істеуіне беймідейміз.

Елімізде акция сатып алуға ниетті азаматтардың өтінішімен Қазақстан қор биржасы айналысады. Мамандардың пікірінше қазір цифрландырудың арқасында акция сатып алудың жолы жеңіл.

Андрей Цалюк, «Қазақстан қаржы биржасының» АҚ төрағасының орынбасары:

Біздің компания жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштерді жинақтап, бұдан әрі акция сататын компанияға жібереді. Яғни, екі жақты мәміле жасауға мүмкіндік береміз. Бүгінде акция сатып алуға ниетті 440 мыңнан астам адам брокерлік есепшот ашқан. Бұған дейін, 2012 Жылы ІРО-ға 43000 адам өтініш берсе, 2014 жылы бұдан көбірек болды. Қазір акция сатып алудың жолы жеңіл. Пайдасы зор.

Акцияның бағасы әртүрлі. құнды қағаздар құны 100 теңгеден де басталады. 1000 теңгелігі де бар. Мамандар бастапқыда орташа есеппен он мың теңгеге сатып алған жөн дейді. Акционер атану үшін әуелі сатып алушы мен сататын компания арасындағы делдал яғни, брокерлік компанияны дұрыс таңдау керек. Өйткені алаяқтар көп. Келесі қадам, акцияларын сатылымға шығарған компанияның бүгіні мен болашағын әбден зерттеу қажет, - дейді мамандар. Қазақстандықтар үшін шетелдік компания акцияларын алуға еш шектеу жоқ. Қазірдің өзінде отандық акционерлер 52 елдегі ең танымал компания акцияларын сатып алып, пайдасын көріп келеді.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу