Екі жылдан кейін Францияда 13-ші жазғы олимпиада өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екі жылдан кейін Францияда 13-ші жазғы олимпиада өтеді

16.11.2022

Екі жылдан кейін Францияда 13-ші жазғы олимпиада өтеді. Дүниежүзілік дүбірлі додаға дайындық барысы Астанада кеңейтілген мәжілісте талқыланды. Барлық спорт түрлерінің федерация басшылары жиналып, өзекті мәселелерді сөз етті. Проблема дзюдо күресін де айналып өтпеді. Өйткені, Ташкентте өткен әлем чемпионатында қазақстандық дзюдошылар қос қоланы қанағат тұтқан. Ал, жиі салыстырып, бәсекелес есептейтін Өзбекстан құрамасы екі алтын алып, үздік үштікке ілінді.

Қазір сарапшылар Қазақстанда дзюдо демігіп тұр дейді. Соңғы әлем чемпионатындағы көрсеткіш қуантпайды. Себеп көп. Ең негізгілерінің бірі – ұлттық құрама «қартайып барады». Жастар, жаңа буын керек. Мұны бас бапкер де мойындайды.

Нұрбол Сүлейменов, Дзюдодан ерлер құрамасының бас бапкері:

Өздеріңіз білесіздер Бозбаев, Қажыбаев деген, Хамза деген жігіттерді кішкене шеттететін шығармыз. Өйткені, бірінші жарыс емес, 5-6 жарысқа дейін көрді. Енді келесі әлем чемпионатына жас буыннан алып барамыз деген ой бар.

Қазақстан олимпиада және әлем чемпиондарына айтарлықтай жалақы және сыйақы беретін елдердің қатарында.

Самат Жылқыбаев, Дзюдо федерациясының атқарушы директоры:

Олимпиада ойындарынан медаль алған балалар 600-700 мыңға дейін жалақы алады. Одан бөлек, әкімшілік грант дейді. ҚР чемпиондары 140 мың тг-ден 800 мың тг дейін жалақсы көбейген. Одан кейін федерацияның спонсорлары бар. Бұл жеке ЖШС. Бір федерацияның спонсоры мықты, бір федерацияның президенті мықты деген сияқты.

Республикалық бюджеттен биыл дзюдо федерациясына, оның ішінде ұлттық құрамаға 287 млн тг бөлінген. Ал, ұлттық құрама спортшысының орташа айлығы 250 мың тг деп жазылған. Бірақ, бұл тек федерацияның беретіні. Жоғарыда айтып өткендей, жалақы 3-4 көзден түседі. Дегенмен, ұлттық құраманың мүшелері әлеуметтік желіде шағым жазды. Олар дәрумендер берілмейді, жарақатымызды өзіміз емдейміз, әр бапкер өз баласын тартады деп пікір білдірген.

Аслан Қажен, сарапшы:

Өзбекстан құрамасынан бокстан қалып қойдық қой. Мойындау керек оны. Олимпиадада-ақ, дәлелдеп тастады. Енді, дзюдодан да қалдық. Орта Азияда сол Өзбекстан құрамасымен салыстырамыз. Ең мықтысы солар. Күрестен қырғыздардан қалдық. Екі алтын алып келді. Дзюдодан тағы екі алтын алды Өзбекстан спортшылары. Және өкініштісі сол бізде резервте де жағдай оңып тұрған жоқ. Жастар және әлем чемпионаттарын қарап отырамыз, ол жерде де бізде әлем чемпиондары шығып жатқан жоқ.

Қазір Атырауда дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Ішкі жарыс тартысты және болашағынан үміт күттіретін спортшылар бар дейді ұйымдастырушылар.

Жандос Қонысбаев, Дзюдодан мемлекеттік жаттықтырушы:

Аға буынның табанын тіреп келе жатқан жастар көп шығады. Кеше Шамидин Мағжан шықса, бүгін Шамшидиннен мықтылар шығып жатыр. Кешегі Елдостың да артынан табан тіреп, 60-66 келінің ішкі бәсеке өте жоғары.

Жақында Қазақстанға франциялық екі бапкер келді. Федерация басшылығы олардың жалақысын құпия деп айтпады. Анығы сол, дзюдоны дамытуға жыл сайын жүздеген миллион теңге бөлініп жатыр. Әзірге нәтиже нашар, дәме көп дәрмен жоқ, - дейді сарапшылар. Ал, Париждегі олимпиадаға екі-ақ жыл қалды.

Азамат Нұғыманов

Хабарламаларға жазылу