Польшаның Украинамен шекаралас ауылына зымыран құлап, 2 адам қаза тапты. Осыған орай Варшава НАТО жарғысының 4-ші бабын іске қосуды қарастырып жатыр. Ол бойынша альянстың бір мүшесіне төнген қауіпке байланысты, одақ ішінде талқылау басталуы тиіс. Польша билігі бастапқыда құлаған ракета Ресейге тиесілі деп мәлімдеді. Президент Анджей Дуданың сөзінше, бұған қатысты әзірге нақты дәлел жоқ. Болған оқиғадан кейін ел қарулы күштердің, оның ішінде зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерінің дайындығын күшейтті. Мәскеу Польша аумағына ракета жібергенін жоққа шығарды.
АҚШ президенті Джо Байден зымыран Ресей аумағынан ұшырылды деген болжамды жоққа шығаратын алдын ала ақпарат бар екенін мәлімдеді. Балидегі «Үлкен жиырмалық» саммиті аясында «Үлкен жетілік» лидерлері Польшадағы оқиғаға байланысты шұғыл түрде бас қосты. НАТО шабуылға байланысты байланысты тергеу жүргізіп жатыр.
Америкалық «New York Times» газетінің хабарлауынша, Польша аумағына құлаған зымыран Украинаға жіберілген ракеталардың бірі немесе оның сынығы болуы мүмкін. Ал «Ассоушиэйтед пресс» агенттігінің болжамына сай, ракетаны Украина күштері ресейлік зымыранды атып құлату үшін ұшырған. Кеше Ресей Украина аумағына тағы жойқын шабуыл жасады. Киев, Харьков, Львов және өзге де қалалар мен елдімекендерге 100-ге тарта ракета ұшырылған. Одан энергетикалық инфрақұрылым істен шығып, электр жарығы толығымен өшті. Қазір оны қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.