Қазақстандықтар үшін маңызды саяси науқанға 5 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар үшін маңызды саяси науқанға 5 күн қалды

15.11.2022

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы Маңғыстау облысының сайлаушыларымен кездесті. «Zhamal-ai LTD» арнайы киім және аяқ киім өндіретін фабрикаға барған штаб мүшелері кәсіпорын ұжымымен бизнесті қолдау шаралары туралы пікір алмасты. Ал өңір мұнайшыларымен кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың құқығын қорғау мәселелері сөз болды. Қалалық ипподромда спорт саласының өкілдерімен және жергілікті «Көкмойнақ» командасының шабандоздарымен кездесу өтті.

Бану Нұрғазиева, Республикалық қоғамдық штаб мүшесі:
Барша қазақстандықтар сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасау арқылы саяси мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетуі маңызды. Президент сайлауы – мемлекетіміздің одан әрі даму бағытын айқындайтын маңызды қадам.

М.Қажыкен кәсіподақтар отырысына қатысты

Мейрам Қажыкен үгіт-насихат науқаны аясында Қаскелең қаласына барып, білім саласының қызметкерлерімен кездесті. Сайлауалды бағдарламасының негізгі бөлімдеріне тоқталды. «Болашақ жастарды тәрбиелеу мен болмысын қалыптастыруда педагогтардың мәртебесі биік» екенін атап өткен жиынға қатысушылар саланың қажеттіліктеріне де тоқталды. Оның бірі - мұғалімдерге жыл сайын жүктеменің артуы, солай бола тұра жалақының өзгеріссіз қалуы. Жиын барысында мұғалімдер де «Дипломмен ауылға» бағдарламасындағы кедергілер жайын көтерді. Кандидат сапар соңында кәсіпкерлер мен кәсіподақтардың отырысына қатысты.

Онда жұмыс берушілер және қызметкерлер арасындағы ынтымақтастық жайы қаралды. Тараптар әсіресе кәсіподақтар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің жұмысы сылбыр екенін айтты. Әлеуметтік әріптестікті қалыптастырудың жолдарын қарастырды.

Әлібек Шәпенов, қалалық штаб басшысы:
Жиналыстар мен кездесулер өткіздік. Біраз мәселелер көтерілді. Қала бойынша оннан астам сенімді өкілдер бар. Сайлауға дейін санаулы күндер қалды. Біз ол уақытқа жейін жұмыстарды жалғастырамыз.

Қ.Әбден Түркістандық сайлаушылармен кездесті

Қазақстан – Еуразия құрлығының жүрек тұсында орналасқан үлкен ел. Ал Түркістан – мәдениеттің ордасы. Кандидат Қарақат Әбден тарихы терең аймақта осылай деді. Үміткер жұртшылықпен жүздесіп, туризм саласын дамыту жөнінде пікір алмасты. Сауалдарға жауап берді. Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен бөлісті. «Түркістан – киелі мекен. Шамшырағы қайта жанған көне шаһар», - деді кандидат. Бұдан кейін өңірлік штабта болып, кеңес өткізді. Мамандарға нақты тапсырма жүктеді.

Еркінжан Пірмаханұлы, өңірлік штаб басшысы:
Түркістан облысына қарасты 17 ауданда 117 волонтер жұмыс істеді. Әлі де жұмыс жасап жатырмыз.

Ж.Дайрабаев Атырау облысына барды

Президенттікке «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев пен оның партияластары Атырау облысына барды. Махамбет ауданында салынып жатқан жылыжайдың құрылысымен танысты. Кешен 6 гектарға жуық аумақты алып жатыр. Кандидат Сарайшық музейіне де барып, Алты Алаш тарихынан сыр шертер деректермен танысты. Көне қаланың Жайық өзені жағасындағы тарихи орнын аралап көрді. Жергілікті шаруалармен кездесіп, өзінің бағдарламасын таныстырды.

Жигули Дайрабаев, Президенттікке кандидат:
Махамбет ауданында әлеуметтік және тұрмыстық жағдайлар қолайлы шешілген. Дегенмен бұл жерде де істелетін тірлік көп. Жаңағы кесененің құрылысы желтоқсан аяғында аяқталады дейді.

Н.Әуесбаев Ақтаулық жастармен кездесті

Оппозициялық партиядан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Ақтау қаласының жастарымен кездесті. Сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Сайлаушылар өздерін толғандырған мәселелерін көтеріп, сұрақтар қойды. Несие мәселесі, азық-түліктің қымбаттауы, жалақы мөлшері сөз болды.

Нұрлан Әуесбаев, Президенттікке кандидат:
Енді негізінен көпшілік қызық сұрақтарды жастар қойып жатыр. Жалпы, бүгінгі таңда біз Қазақстанның көп аймақтарын араладық.

С.Тұрсынбекова жауынгерлердің аналарымен кездесті

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Маңғыстау облысында жауынгерлердің аналарымен кездесті. Жиынға Отан алдындағы борышын өтеп жатқан жас сарбаздардың аналары мен құқық қорғаушылар қатысты. Кездесу барысында кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Аналардың толғандырған сұрақтарына жауап беріп, қазір әскердегі қордаланған мәселелерді талқылады.

Салтанат Тұрсынбекова, Президенттікке кандидат:
Әскери прокуратураның мәліметтері бойынша, 10 жыл бұрын еліміздің ҚК қатарында 91 адам көз жұмған. Жыл өткен сайын бұл сан артуда. Құқық қорғау органдарының ресми дерегі бойынша былтыр Қазақстан армиясында 16 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Ал биыл суицидке итермелеу фактісі бойынша он шақты қылмыстық іс қозғалған. Мәселе жұмыс топтары мен дөңгелек үстел деңгейінде көтеріліп жатыр. Бірақ, нақты ешқандай шара жоқ.


Хабарламаларға жазылу