Ұлттық банк электронды төлем жүйесін нарыққа енгізу мүмкіндіктерін қарастыруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк электронды төлем жүйесін нарыққа енгізу мүмкіндіктерін қарастыруда

15.11.2022

Цифрлық теңге – цифрлық эволюцияның жаңа қадамы. Ұлттық банк электронды төлем жүйесін жан-жақты зерттеп, нарыққа енгізу мүмкіндіктерін қарастыруда. Орталық банк қазір пилоттық жобаны іске асырып, қаржы нарығының білікті мамандарымен, сарапшылармен және халықаралық әріптестерімен бірлесе жұмыс жүргізіп жатыр. Ол жайында бүгін Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің Х Конгресінде айтылды.

Дәстүрлі Қаржыгерлер Конгресі - мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары өкілдерінің қаржы секторы мен макроэкономикалық саясаттағы өзекті мәселелерді талқыға салатын негізгі диалог алаңы. Бұл жолы көптің көкейінде жүрген «Цифрлық теңге» жобасы таныстырылды.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Біз бұл мәселеде айтарлықтай алға жылжыдық. Мақсатымыз – инновациялық мүмкіндіктерге жол ашу, тұтынушылардың қауіпсіздін қорғау. Қаржы жүйесіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету. Біздің ұсынысымыз бойынша цифрлық тенгені енгізу туралы шешімдіМемлекет басшысы қабылдайды.

Цифрлық теңге дегеніміз – заңды төлем құралы. Құнның өлшемі.Ол арнайы электронды әмиянда сақталатын жазба түрінде шығарылады. Сондай-ақ, интернет желісіне қосылмай-ақ төлем жасауға да мүмкіндік берілмек. Бұндай цифрлық валюта қазір әлемнің бірнеше елінде де сынақтан өтіп жатыр.

Айнұр Кенжаева, «Цифрлық теңге» жобасының жетекшісі:

Цифрлық теңгенің анонимділігі жоғары. Себебі сіз құпия, жасырын транзакцияларды жүргізе аласыз. Барлық деректер тұтынушының өзінің қолданысында. Яғни, кілт сіздің жағыңызда болады. Өзіңіздің құрылғыңызда. Сіз ғана шешесіз. Осы жүйедегі кім қандай деректерді біле алады.

Ұлттық банк мамандары цифрлық теңге іске қосылған жағдайда қолма-қол ақша мен аударымдар айналымда қала беретінін айтады. Қазіргі таңда жоба сынақтан өтіп, жан-жақты зерттеліп жатыр. Оның нәтижесі жыл соңына дейін жария етілмек.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу