Қызылорда облысы, Қазалы қаласында балабақша автобаздың мекемесінде орналасқан. Тіпті, тозығы жеткен нысан 10 жыл бұрын апатты деп танылған. Соған қарамастан 90 бүлдіршін әлі күнге дейін ескі ғимаратта тәрбиеленіп жатыр. Өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлының репортажы.
Екі қабатты ескі ғимараттың бөбекжай деген аты ғана. Мұнда бүлдіршіндердің емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік жоқ. Тіпті, ас әзірлейтін асхана да қаралмаған. Бірақ, бөбекжай деген аты болмаса,
Рабиға Көптілеуқызы, балабақша меңгерушісі:
Бізде асхана жоқ. Асхана бөлек орналасқан. Мына жерде ыдыс жуылады, ал мына жерде балалар ойнайды. Енді аудиторияны көріп тұрсыздар өте тар. Балалардың жүріп-тұруына көп кедергілер бар.
Екі қабатты ғимарат 1958 жылы автобаз жұмысшыларына арнап салынған. Кейін 90 жылдардың бедерінде ескі нысан балабақшаға беріліпті. Содан бері, ауыл балалары осы жерден тәлім-тәрбие алып келеді. Бүгінде балабақшада жас ерекшелігіне қарай төрт топ бар. Әрқайсында 20-25 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Мынау балалардың жатын бөлмесі. Мүлдем талапқа сай келмейді. Керуеттер бір-бірімен өте тығыз орналасқан. Оныс үстіне ызаның иісі шығып, ауасы да тым тар. Десе де, осы жерде күнделікті 20 бала ұйықтауға мәжбүр.
Осыдан 10 жыл бұрын апатты деп танылған балабақшаның мәселесіне жергілікті билік биыл көңіл бөлді. Қазір 140 орындық бөбекжай бой көтеріп, жаңа нысан жыл соңына дейін ел игілігіне берілетін болады.
Ержан Төлегенов, аудандық білім бөлімінің әдіскері:
2012 арнайы сарапшылардың қорытындысымен апатты деп танылған. Содан бері бұл мәселе көтеріліп келіп, биыл міне шешімін тауып отыр. Құрылыс жұмыстары қазір толығымен аяқталып тұр. Тек ішіндегі кейбір заттарының келуін күтіп отырмыз. Алдағы жақын күндері жаңа балабақшаға көшеміз деген жоспар бар.
Жалпы облыс бойынша бүгінгі күні 7 балабақша ғимараты ескіріп, тозығы жетіп тұр. Жергілікті әкімдік алдағы үш жылда апатты жағдайдағы бөбекжайлар мәселесін толық шешуді межелеп отыр.
Әділбек Серікұлы