Стамбұлдағы жарылыс: Күдікті қамауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стамбұлдағы жарылыс: Күдікті қамауға алынды

14.11.2022

Қазақстанның Стамбұлда орналасқан Бас консулдығы түрік билігімен байланыста. Жараланғандардың ішінде біздің азаматтардың бар-жоғы анықталып жатыр. Бас консулдықтың нөмірі +902126625349.

Соңғы ақпараттар бойынша зардап шеккен 80-нен астам азаматтың 50-і дәрігерлік бақылаудан кейін үйлеріне қайтарылған.

Осы жарылысқа қатысы бар деген күдікпен әйел адам қамауға алынды. Түркияның Ішкі істер министрінің мәлімдеуінше, оның күрдтердің террорлық ұйымына қатысы бар. Терракт кезінде 6 адам қайтыс болып, 81 адам жараланды. Алдын ала мәліметтер бойынша жаяу жүргіншілерге арналған Истикляль көшесінде белгісіз әйел қойып кеткен бомба жарылған. Бомба салынған сөмке туристер көп жүретін Таксим алаңының жанында іске қосылды. Мамандардың айтуынша, зардап шеккендер неғұрлым көп болуы үшін сенбінің күндізгі уақыты әдейі таңдалған. Қазір Стамбұл қаласы бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, халық арасында үрей туғызбау үшін осы оқиғаға қатысты бейнежазбаларды әлеуметтік желі арқылы бөлісуге тыйым салынды.

Фуат Октай, Түркияның вице-президенті:

Түркия тыныштық пен қауіпсіздік үстемдік құрған ел. Біз бұл оқиғаның артында кімдер тұрса да, елдің ішінде бола ма, әлде сыртында бола ма, дүниенің қай бұрышына тығылса да кінәлілерді тауып аламыз. Бұны жасағандардан міндетті түрде жауап аламыз. Сотқа тартамыз. Қазіргі Түркия бұрынғы Түркия емес. Бұны барлығы білсін.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу