Депутат: Тіл туралы талап шетелдіктердің Қазақстанға тез сіңіп кетуіне ықпал етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутат: Тіл туралы талап шетелдіктердің Қазақстанға тез сіңіп кетуіне ықпал етеді

13.11.2022

Қазақ тілін білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейді деген ақпарат осы аптада қызу талқыланды. Оны естіп қуанғандар да, керісінше, ол дұрыс емес дегендер де болды. Мәселен, қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанұлы Фейсбук парақшасына былай деп жазды: «Егер ұлты қазақ болса да, бұл талап енетін болса, 100 пайыз қарсымын. Себебі, бүгінгі Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркияда тұратын, Еуропа мен Америкада жүрген қазақтардың 90 пайызының баласы қазақ тілін білмейді». Оның сөзінше, олар кирилл әліпбиімен жаза да алмайды.

Қазақстан азаматтығын алу енді қиындай түсетіндей. Себебі, мемлекеттік тілді білмейтін шет елдіктерге төлқұжат берілмеуі мүмкін, - деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Қазіргі таңда осы нормалар үкіметте қарастыру, келісу сатысында. Ол өзгерістер халықаралық тәжірибеге дайындалған нәрсе. Мысалы, көптеген елдерде азаматтық алу үшін мемлекет тілін және сол мемлекеттің тарихын білу керек. Мысалы, ол Германияда, Түркияда, Канадада, Ресей Федерациясында.

Бұл өзгеріс заңға қашан енетіні белгісіз. Ал, қазір қандай талап бар десеңіз. «Қазақстан Республикасы азаматтығы туралы» заңының 16-бабына сәйкес азамат ел аумағында кемінде 5 жыл тұруы міндетті немесе Қазақстан азаматымен 3 жыл некеде болуы тиіс. Ал, біздің елде жақын туысы, тіпті туысының асырап алған баласы тұратын бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары елде тұру мерзіміне қарамастан Қазақстан азаматы атанады. Мәжіліс депутаттарын осы тармақ алаңдатқан. Себебі, соңғы кезде Ресейден келушілер көбейді. Сол себепті, Берік Дүйсенбинов Үкіметке сауал жолдап, Ресейден келгендердің қос азаматтығын тексеруді және олардың арандатушылықпен айналыспауын қадағалауды сұраған.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл жаңағы колобранттар дейміз бе, елдегі азаматтардың мынау сеператистердің неге алып келгенін, мына көрші мемлекеттердің бүгін соғысып жатқан Ресей мен Украина тәжірибесінен көріп отырмыз. Осы миграциялық процесті бақылауға алуды сұрадық мемлекеттен. Келіп жатқан адамдардың қаншасы қоныстанғалы жатыр. Сол үшін жолдаған болатынбыз осы сауалды.

Үкімет басшысының жауабына қарасақ, қазақ тілін үйретуге мемлекет тарапынан бар жағдай жасалған.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазақстанда қалғысы келетін азаматтар үшін бейімдеу орталықтарын ашу туралы мәселе көтергенбіз. Соған берген жауабы былай. Елімізде мемлекеттік тілді қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін үйренгісі келетіндер үшін 40 достық үйінде 174 жексенбілік мектепте мемлекеттік тілді тегін үйретуге жағдай жасалған.

Тіл туралы талап шетелдіктердің Қазақстанға тез сіңіп кетуіне ықпал етеді,-дейді депутат. Ал, біз ішкі істер министрлігінен соңғы 5 жылда қанша адам Қазақстан азаматы болғанын сұрағанбыз.

Ілесбек Айдашев, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы:

Соңғы 5 жылда ҚР азаматтығын бізде 116 мыңның үстінде азамат ҚР азаматтығына қабылданды. ҚР азаматтығына қабылдану туралы өтініш хат бойынша шешім қабылдайтын ол ҚР президенті қабылдайды шешімді. Шет елдіктердің өтініш құжаттарын жинастырып, бәрін ІІМ қарап одан кейін президент әкімшілігінің қарауына жолданады.

Азаматтық туралы өтініштер жылына 2 рет қана қаралады. Яғни, 1 рет өтпей қалғандар қайтадан құжат тапсыру үшін 6 ай күтуі тиіс. Бірақ, бұл талаптардың «қандастарға», яғни, этникалық қазақтарға қатысы жоқ. Олар жеңілдетілген тәртіппен өтеді. Сондай-ақ, соңғы кезде құжаттар тізімі де 2 есе азайған.

Еркебұлан Меңлібаев, «Otandastar qory» қандастарды қолдау департаменті директорының орынбасары:

Бұрындары ҚР азаматтығын алу тәртібі бойынша құжаттарды тапсыру 6 ай бойы қаралатын, қазір ол 2 есеге қысқарды. Бұған дейін ҚР азаматтығын алу үшін ең бірінші «қандас» куәлігін алу керек, одан кейін тұрақты тіркеуге тұру керек, одан кейін ыхтиярхат рәсімдеу керек болатын. Қазір бұл норма өзгерді, яғни тұрақты тіркеуге тұрып, бірден азаматтыққа тапсыруға болады, яғни, ыхтиярхатқа құжат тапсыру міндетті емес.

Қандастар баж салығынан да босатылады. Ал, өзге ұлт өкілдері 1 млн 400 мың теңге төлеуі тиіс. Енді сырттағы қазақтардың «қандас» мәртебесін елге келмей-ақ, сол жақта рәсімдеуіне де мүмкіндік жасалмақ.

Тимур Қошымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің сарапшысы:

Соңғы 3 жылда елімізге 34 мыңнан астам қандастарымыз оралды. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түркіменстан және Моңғолиядан. Қазіргі таңда шет елдегі азаматтарымыз «қандас» мәртебесін алу үшін шет елдегі мекемелер арқылы ұсыныс тапсыра алады. Олар алдын ала келісім беріп, сол келісіммен дайын келеді.

Демек, қандастардың азаматтық алуы жеңілдеп келеді. Ал, шет елдік спортшылар үшін ол тіпті оңай сынды. Себебі, спорт сарапшылары соңғы кезде келімсектердің көбейіп кеткенін айтып жүр. Спорт және мәдениет министрлігінен тәуелсіздік алғалы қанша шет елдік спортшының біздің елдің азаматтығын алғанын сұрағанбыз, бірақ, ондай есеп жоқ деді. Ал, олардың азаматтық алуына жеңілдік бар.

Ілесбек Айдашев, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы:

Ол жерде президенттің 2005 жылғы 6 маусымдағы 1587-ші жарлығына сәйкес олар жаңағы белгілі құзырлы ведомстваның келісімі болса оларда, спортшылар ҚР азаматына жеңілдетілген тәртіпте қабылданады.

Спорт сарапшысы Асылан Қаженов 17 жыл бұрынғы жарлықты қайта қарау керек,-дейді. Себебі, сырттан келген спортшылардың нәтижесі мәз емес.

Асылан Қаженов, журналист, спорт сарапшысы:

Азаматтық алған спортшылар тіліңді білмейді, әнұраныңды білмейді, туыңды ажырата алмауы да мүмкін. Бізге керегі оның нәтижесі ғана.
Нәтиже беріп жатыр ма мысалы?
Мысалы, Елена Рыбакина иә қатты шулатты, жазда Уимблдон турнирін жеңді, нәтиже болды. Бірақ оған дейін тенниске 10 шақты адамды алдық легинонер. Анау Юрий Шукиннан бастап, Ярослова Шведова қыздардың капитаны болып жүр. Сарапшы ретінде айтсам, ақтап жатқан жоқ, өйткені қыруар қаржы бөлінеді. Ал 100 адамнан біреу жеңсе қуанудың қажеті жоқ. Солай жүгіруден Нора Джерутоға да қуандық. Бірақ, оның артында ештеңе жоқ, сол қашықтыққа жүгіретін бізде басқа қыз жоқ, бапкер жоқ, ізбасарлары жоқ, мектеп жоқ.

Асыланның сөзінше, спортшылардың көбі Қазақстанда тұрмайды. Тіпті, кейбірі бұрынғы елдерінің азаматтығынан да шықпаған болуы мүмкін, сондықтан оларды тексеру керек,-дейді.

Асылан Қаженов, журналист, спорт сарапшысы:

Біздің заң бойынша қос азаматтық алуға болмайды, бірақ, кейбірде байқаймыз кейбір спортшыларда екі азаматтық жүреді. Біздің мына Боченский, Бойт, Доус қазіргі Дарен Дитс Қазақстанның да, Канаданың да туы тұрады.

Спорт әлемде халықты біріктірудің бір құралы саналады. Сондықтан, спортшылардың мемлекеттік тілді білуі және бір елдің ғана азаматы болуы міндетті,-дейді Асылан. Ал, ішкі істер министрлігінің дерегінше, соңғы 5 жылда 3 мыңнан астам адамның қос азаматтығы бар екені анықталған. Заң бойынша, олар тек әкімшілік жазаға тартылады. 600 мың теңге көлемінде ғана айыппұл төлейді. Ал, біз сұхбаттасқан депутат та, спорт сарапшысы да оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек,-деп есептейді.

Амангелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу