Жетісу облысында кәсіпкерлікке бет бұрған жастар көбейіп келеді. Мемлекеттен бөлінетін бір реттік гранттар да іс бастап, бар кәсібін ширатуға септігін тигізуде. Бір ғана Сарқан ауданында биыл 400-ге жуық азамат «Бизнес бастау» жобасымен білімін жетілдіріп, 78 тұрғын грант алды.
Азамат Абыроев отбасымен Жетісудің Қарғалысына Қарағандыдан көшіп келген. Ауылда бөдене өсіріп, құс шаруашалығын дамытуға аз да болса үлесін қоспақ ойы бар. 1,2 млн теңгелік грант иегері атанып, бөденелерді ұстайтын жабдықтарды сатып алды. Бұл құстардың етінің де, жұмыртқасының да емдік қасиетін алға тартқан кәсіпкер құсты 3,5 мыңнан 10 мыңға дейін көбейтпек. Қанаттылардың азығын өзі дайындау үшін ауданнан жер де сұрап отыр. Жылына 200 тонна құрама жемді жергілікті диқандардан сатып алуға мәжбүр.
Азамат Абыроев, ауыл тұрғыны:
Өзімнің жерім болып, қосымша мемлекеттен лизингқа техника алсам, бұл да шағын жұмыс орны болар еді. Бір жағынан шаруаның ары қарай жүріп кетуіне үлкен жәрдем болады.
Ал 21 жастағы Әділжан ауданға алғашқылардың бірі болып Калифорния жауын құрттарын әкелді. Биогумус өндіріп, аудан мен қаладағы шаруалардың қажетін өтемек. Қыс бойы құрттардың санын көбейтіп, көктемге қарсы құнарлы қара топырақ ұсынбақ.
Әділжан Мырзабек, жас кәсіпкер:
Биогумус саласын дамыту, ары қарай жетілдіру – қазіргі үлкен мақсатым. Жастар бар, үлкендер бар, бәріне білгенімізді үйретіп, білмегенімізді үйреніп, осы саланы ары қарай дамытып, үлкен белестерге жетсем деген ойым бар.
Азамат та, Әділжан да өздерінен бөлек 10 шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал Сарқан ауданында кәсіпке бет бұрғысы келетіндер әлі де көп.
Ернұр Туғанбаев, Сарқан аудандық Жұмыспен қамту орталығының маманы:
Үміткерлердің ішінен биылғы жылы 78 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант тағайындалды. Оның ішінде 27 жастар, 51 әлеуметтік осал топтағы кісілер болды.
Аудан бойынша барлығы 95 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Жыл соңына дейін тағы біраз адам грант алып, кәсібін бастамақ.
Қуаныш Қанатұлы, Самат Оразалиов