Шымкентте екі мыңнан астам адам сұранысқа сай мамандықты игерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте екі мыңнан астам адам сұранысқа сай мамандықты игерді

12.11.2022

Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпорындар, құрылыс компаниялары мен халыққа қызмет көрсету орындары оннан астам кәсіп түрі бойынша мамандарға зәру. Осыған байланысты биыл екі жарым мыңға жуық жұмыссыз азамат арнайы оқу курстарына жолдама алып, сұранысқа сай мамандық алып шықты.

Әсел жасы 30-дан асқанда мамандығын өзгертті. Медициналық жоғары білім алған ол енді бала кезінен қызыққан тігіншілік өнермен айналыспақ. Жұмыспен қамту орталығының көмегімен үш ай бойына жұмыс берушінің қасында білім алды, тәжірибе жинақтады. Қысқа мерзімде өз бетімен түрлі бұйымдар мен сән үлгілерін пішіп, тіге алатын деңгейге жетті.

Әсел Отыншиева, тігінші:

Келесі аптада ателье ашамын деп ойлап жүрмін. «Даму» қорына бардым, сол жерде түсіндірді. 
Альбина да экономист мамандығын кәсіпке ауыстырды. Қысқа мерзімді оқуды аяқтап, қазір әсемдік салонында жұмыс істеп жатыр.

Альбина Байболатова, визажист:

Қыздар қазір көп келеді. Себебі бәрінің әдемі болғысы келеді. Содан кейін осы кәсіпті таңдадым. Оның үстіне бұрынғыға қарағанда айлық та үлкен.
Биыл Шымкент қаласында Әсел мен Альбина секілді 2 мың 300-дей азамат кәсіптік оқыту курстарында білім алды. Оның 800-ге жуығы кәсіпорындар мен мекемелердің сұранысына сай мамандық игеріп шықты. Еңбек нарығында шаштараз, тігінші, визажист, бухгалтер, кассир, дәнекерлеуші мен электр монтаждаушы секілді кәсіп иелеріне сұраныс көп.

Асылбек Наурызбайұлы, қалалық Жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқыту бөлімінің басшысы:

Биылғы жылы 29 мамандық бойынша оқыттық. Соның ішінде ірі өнеркәсіптер, тігіншілік, құрылыс және қызмет көсрету салаларына жолдама алып, жұмыстарын бастап жатыр.
Сондай-ақ бүгінгі таңда тағы 1 мыңнан астам азамат кәсіп дағдыларын үйрену үшін онлайн жүйеде білім жетілдіруде. Ұлттық жоба аясында оларды қайта оқытуға 200 миллион теңге қаржы бөлінген. Бағдарлама аясында бұл азаматтардың ары қарай жұмысқа орналасуына да қолдау көрсетіледі.

Ғ
ани Қалмаханов, Н. Нұрбек

Хабарламаларға жазылу