Астанадағы паллиативтік көмек көрсету орталығы жабылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы паллиативтік көмек көрсету орталығы жабылуы мүмкін

11.11.2022

Астанадағы медициналық паллиативтік көмек көрсететін орталық жабылудың аз-ақ алдында тұр. «Қорғансыздың күнін» кешкендердің күтіміне жауапты мекеме мамандары медициналық сақтандыру қоры көрсеткен қызметке сай тиісті қаражатты аудармады, дейді. Шығынға батқан еңбек ұжымы екі айдан бері жалақы алмаған. Қазір, науқастарға қажетті дәрі-дәрмек қоры мен азық-түлік таусыла бастапты. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері қаржының аудармалуы құжаттарда кеткен қателіктерге қатысты дейді. Қос тарапты

Астанадағы жалғыз медициналық паллиативтік орталықта жүзге жуық науқас бар. Олардың дені емнен күдер үзіп, өмірінің соңғы сәттерін осында өткізіп жатқандар. Олардың күтіміне отызға жуық қызметкер жауапты. Қажетті дәрі-дәрмек пен көрсеткен қызметіне кеткен шығынды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өтейді. Алайда орталық мамандары сақтандыру қорының қызметкерлері ең қажетті деген ем түрлерін «хаттамада жоқ» деп өтеуден бас тартқан.

Ринат Байтақов, Медициналық паллиативтік көмек көрсету орталығының бас дәрігері:

Ия дәрілер беріледі. Өздерінікі беріледі. Біздікі бар. Сол жағынан емдеу протоколы сақталмады деп штраф салынып отыр ғой. Бірақ оны шешу керек дәрігер ғой. Дәл қазір көріп отырған науқасты төсекте жатқан жерінде. Қан кетіп жатса қан кетуді тоқтататын дәрі беру керек. Растворлар бар ішке құятын. Барлығы соған бағытталған ғой. Сол себепті протоколдан ауытқисың. Ауытқығаннан кейін саған штраф салынады.

Ем жүргізу хаттамасында науқастардың туыстары әкелген дәрілерді беру де заңсыз деп танылған. Ал, мұнда ұзақ мерзім жатқандарға қайталап ем жүргізу де талапқа сай емес. Сондай-ақ, соңғы демі таусылып, өмірден өткендерге кеткен шығынды дәлелдеу қиын. Мамандар мұндай тәжірибе әлемнің ешбір елінде жоқ екенін айтады. Қазір, орталық соңғы екі айға 55 млн теңге өтемақыны өндіріп ала алмай отыр.

Анатолий Пардабеков, Медициналық паллиативтік көмек көрсету орталығының есепшісі:

Емдеу деген бізде жоқ. Соның өзінде мына жерде емдеуді дұрыс жасамадыңдар деп бізге штрафтарды қойып отырғаны сол. Олардың программаларында күнделікті қанша адам жатқаны көрініп тұр. Соның өзінде сондай қылып отыр. Екі айдан бері қиналып, тамаққа ақша таба алмай қалдық, зорға біреулерден қарыз сұрап, қайыршы сияқты мүмкіншілік болды сондай.

Әлеуметтік медсақтандыру қоры мұндай мекемелерге үш түрлі тексеру жүргізілетінін айтады. Сарапшылар стандартта жоқ қызметтерге қаржы төлеу қаралмаған дейді. Ал, құжат толтыруда кеткен кінәраттар түзелсе қаражат қайтарылмақ.

Нұрлыбек Қабдықапаров, Әлеуметтік медсақтандыру қоры қалалық филиалының директоры:

Бұл мекеме бойынша бүгінгі күнге дейін, 192 дефекті қателіктер табылған. 24 млн теңгедей қаржы ұсталып отыр. Бұл жалғыз ол мекемеге емес, барлық қала деңгейіндегі 112 мекемеде қандай қателік болды, ол қателіктер бір айда жіберген қайталана беретін болса ол қаржы үкіметтен бөлінеді. Қарап тексеріп отырмасақ тағы болмайды.

Алайда паллиативтік көмек көрсету орталығы бұл қателіктермен келіспейді. Өйткені қойылатын талаптар емдеу мекемелерімен бір стандартқа негізделген дейді. Ал медсақтандыру қорының мамандары стандартты өзгерту үшін арнайы ұсыныс әзірлеу қажет екенін айтады. Ол үшін ғылыми негіздеме қажет. Бұған бірнеше жыл кетуі мүмкін. Ал, шығынға батқан мекеме жабылып қалса барар жер басар тауы жоқ жүздеген адам далада қалуы ғажап емес.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу