Шымкентте қатерлі ісікті ерте анықтайтын орталық ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте қатерлі ісікті ерте анықтайтын орталық ашылды

11.11.2022

Шымкентте қатерлі ісікті ерте сатысында анықтайтын позитронды-эмиссиялық томография орталығы ашылды. Мұндағы жоғары технологиялық медициналық құралдардың көмегімен енді онкологиялық және бас-ми ауруларына дәл диагностика жасалады.

Ядролық медицина орталығындағы позитронды-эмиссиялық томографияның көмегімен обыр ауруының ошағын дәл тауып, емдік шараларды дер кезінде бастауға мүмкіндік туды. Соның арқасында жылына орташа есеппен онкологиялық сырқатқа шалдыққан 5 мың адамның ауруын ерте сатысында анықтап, өлім-жітім едәуір азаймақ. Сондай-ақ, орталықта жаңа қондырығының көмегімен сәулелік терапия жүргізіледі.

Дәулет Ержанов, Медициналық орталықтың директоры:

Сәулелік үдеткіш бізге сәулелік терапия жүргізуге мүмкіндік береді. Бұрынғыдай хирургиялық әдіспен емес, 2 миллиметрден басталатын ісік ауруларын емдеуге мүмкіндік береді.

Дәрігерлер қондырғылардың көмегімен күніне 30 адамның денсаулығын тексеріп шыға алады. Онкологиялық аурухана жанынан ситуациялық орталық та ашылды. Осындай диагностика үшін шымкенттіктер 2-3 ай кезек күтіп, Астана, Алматы қалаларына баруға мәжбүр еді.

Нұрлыбек Асылов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Адам өмірі 47 жастың төңірегінде болатын, қазіргі жетістігіміз 52-ден аса өмір сүріп жатыр ауырғандар.

Медициналық орталық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылды. Енді радиофармпрепараттардың кеңейтілген желісін іске қосу көзделіп отыр. Сондай-ақ, жоғары дәлдіктегі радионуклидтік диагностика орталығы құрылады. Ядролық медицина мегаполисте медициналық туризмді жетілдіруге негіз болмақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу