Бүгіннен бастап Алматы мен Қонаев арасында электр пойыз қатынасы жанданды. Аталмыш қалаларды темір жол арқылы байланыстыруды мемлекет басшысының өзі тапсырған. Өңір халқы да бұл жаңалықты көптен күтті.
Фариза Мұсақызы, тілші:
Қапшағай станциясынан бет алған алғашқы рейс сәтті аяқталды. Темір жол қызметінің хабарлауынша, қос шаһарды байланыстыратын электр пойызы жексенбіден басқа күндері жүреді. Атап айтсақ, Қонаев қаласынан соң Жетіген, Қайрат, Байсерке, Жетісу және Медеу станцияларына тоқтап, соңында мына біз тұрған бірінші Алматы вокзалына келеді. Сондай-ақ, мегаполистен кері қайтар бағытта да дәл осы маршрут қарастырылған. Оның жүру уақыты таңертен және кешкісін деп белгіленген. Нақтырақ айтсақ, адамдардың жұмыс уақыты басталатын және аяқталатын кезге арнайы келтірілген. Яғни, көпшілік Алматыда немесе облыста жұмыс істегендіктен, бұл қатынас құралы халық үшін жақсы мүмкіндік болып отыр. Себебі, алып шаһар айналасында қашан да кептеліс.
Дәметкен Нүсіпбекова, Қонаев қаласының тұрғыны:
Ыңғайлы екен. Ішіне кіріп көрдік, жылы. Орындықтары да, бәрі ыңғайлы екен. Жастарға жасалған үлкен көмек деп ойлаймын. Одан кейін бағасы ыңғайлы. Біз таксимен келсек, 1500-бен келер едік. Ал 450 теңге бізге кәдімгідей жеңілдік деп ойлаймын.
Фариза Мұсақызы, тілші:
Жалпы, электр пойызының екі вагоны бар, онымен күніне бір бағытта 200-дей адам тасымалданады деп күтілуде. Ал билеттің құны – 450 теңге. Тұрғындар бұл өте тиімді баға деп отыр.
Фариза Мұсақызы, Ерболат Қуанышев