Ақмола облысының Бұланды ауылында балалар «Бурабай» ұлттық табиғи саябағының ғимаратында білім алуға мәжбүр. Себебі, былтыр басталған білім ошағының құрылысы қаржы жетпей тоқтап қалған. Мектеп болмаса көпшілік ауылдан үдере көшеді деп үрейленген жұрт мәселені тез арада шешіп беруді сұрайды.
Бұланды ауылындағы мектеп 2018 жылы апатты деп танылып, кейін шағын ғимаратқа ауыстырылды. Содан бері төрт жыл өтті, салынған мектеп жоқ. Оқушылар қуықтай бөлмелерде оқып жүр.
Айдана Сайланова, оқушы:
Біз үлкен және кең мектепте оқығымыз келеді. Оның үлкен спортзалы, асханасы, кең кабинеттері бар мектепте оқығымыз келеді. Және де мен 11- сыныпты үлкен және де жаңа мектепте бітіргім келеді.
Мектепте небәрі 63 оқушы болса да, олар екі ауысымда оқуға мәжбүр. Сондықтан қосымша жұмыс жүргізуге артық кабинет те жоқ.
Бикеш Смайылова, Бұланды орта мектебінің директоры:
Бірінші ауысымда бастауыш сынып балалар, жоғары сынып балалары екінші ауысымда. Кабинеттің саны 8, балалар енді сыйады. Қосымша жұмыстарды демалыс уақытында балалармен бірге жасаймыз.
Мектеп - ауылдың жүрегі. Сондықтан тұрғындар алаңдаулы. Мектеп салынады деген уәде сөз күйінде қалып келеді, - дейді көпшілік.
Майра Қошанова, ауыл тұрғыны:
Бір сылтау. Мектеп салатын түрі жоқ. Енді балаларымызды бәрі басқа жаққа апарып оқытса, не болады?! Мектеп болмаса, ауыл болмайды. Қаншама халықтың балалары бар ғой. Халық көшіп кетсе не болады?! Елдігімізді ұстап қалайық, халықтың барлығының тілегі сол.
Ермек Елберген, тілші:
Жаңа мектептің құрылысы 2021 жылы басталған. 2 жылда 80 орындық білім ошағының тек іргетасы ғана қаланған. Қазіргі уақытта құрылыс тоқтап тұр. Оның бірнеше себебі бар.
Бірінші себеп - жер мәселесі. Жаңа мектептің 0,6 сотық бөлігі «Бурабай» ұлттық саябағының аумағына кіріп кеткен, яғни жоба жасалғанда қате кеткен. Қазір бұл мәселе шешілді, - дейді әкімдік өкілдері. Екіншісі, қаржыландыру тоқтаған.
Жанат Көшкенбаев, Макинка ауылдық округінің әкімі:
665 миллион теңге бөлінді. 2023-тен бастап жоба қайтадан жұмысын бастайды. Мердігерлер жұмысын бастайды, құрылыс салынады. Бөлінгеннен кейін ол ақшаны игеру керек қой. Игерілмесе қайтарылады ғой ол ақша. Сол үшін енді бәріміз де жауаптымыз. Аудан басшылары бар, бәріміз жауаптымыз, оған енді бақылауда боламыз.
Жерглікті билік өкілдері мектепті келесі жылы салып бітеміз деп сендірді. Бірақ, Бұланды тұрғындары бұған күмәнмен қарайды.
Ермек Елберген