Маңғыстауда 5 мыңнан астам оқушы 3 ауысыммен оқып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда 5 мыңнан астам оқушы 3 ауысыммен оқып жүр

10.11.2022

Маңғыстауда 5 мыңнан астам оқушы 3 ауысыммен оқып жүр. Облыстағы 18 мектепте мәселе жылдар бойы шешілмей келеді. Алдағы үш жылда 25 білім ошағы салынғанымен мектептердегі орын тапшылығын түбегейлі жоя алмаймыз дейді мамандар.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Ақтау қаласындағы 20-мектеп 1700 орындық, алайда мұнда 3300-дей бала білім алуда. Оқушылар сыймағандықтан барлық бастауыш сынып 3 ауысыммен оқытуға көшірілген. Қиыны сол, 3-ші ауысымда оқитын оқушылар үйіне қараңғыда қайтуға мәжбүр.

Мектепте бірінші ауысымның сабағы таңғы 8-де басталады. 11-де олар тарап, 2-ші ауысымның балалары келеді. Ал, түс қайта 3-ші ауысым оқиды. Сонда да кабинеттер жетіспейді. Мұғалімдер бөлмесі тіпті мектептің қоймасына дейін оқушыларға берілген. Ал, ұстаздар дәлізде отырып, жұмыс істейді.

Раушан Әбілова, мұғалім:

Шығармашылық жұмыстарымыз бар, дәптер тексеру деген сияқты сондай үрдістерді сол дәліз бойында, өзіміз бір босаған кабинеттерді қарап жүреміз. Енді әрине, мұның барлығы қиыншылық келтіріп жатыр.

Дәл осындай мәселе облыс бойынша 18 мектепте бар. Ақтаудың өзінде 8 мың оқушыға орын жетпейді. Негізінен облыс орталығы мен Мұнайлы ауданында мектеп тапшылығы өзекті. Жылда бірнеше жаңа білім ошағы пайдалануға беріледі. Биыл да 1 мектеп іске қосылды. Тағы біреуі салынып жатыр.

Гүлмира Мамаева, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

4 мектеп пайдалануға беріледі ғой, қазір құрылысы салынып жатыр. Сосын бұдан басқа 20-дан астам мектепті жоспарладық. Олардың бәрі 25 жылы салынып болады. Одан кейінгі де параллель жоспарланып салына береді мектептер. Енді біз 25 жылға дейін азайтамыз деп жоспарлап отырмыз.

Бірақ, бұл мәселені толық шешпей дейді, мамандар. Себебі, өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондай-ақ, қоныс аударатындар көп.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу