Шымкент қаласында азық-түлік бағасы тұрақтандыру қорынан 7,7 миллиард теңге бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласында азық-түлік бағасы тұрақтандыру қорынан 7,7 миллиард теңге бөлінді

09.11.2022

Шымкент қаласында азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатындағы қордың айналым қаржысы тағы да толықты. Соның арқасында қазір қаладағы 50-жуық сауда орнында көпшілік тұтынатын әлеуметтік тауарлар мейлінше арзан бағада сатылуда.

Ботагөз Үсенова енді күнделікті азық-түлік үшін шаһар орталығына сабылмайтын болды. Мөлтекаудан ішінен әлеуметтік маңыздағы өнімдер сатылатын дүкен ашылды. Сауда орнының сөрелерінде халық көп тұтынатын нан, айран-сүт, ет, жұмыртқа мен бақша өнімдерінің түр-түрі самсып тұр.

Ботагөз Үсенова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Бағалар қолжетімді. Күнделікті қолданылатын картоп, пиязымызға дейін балғын, еттер де келіп тұр, фарштар да бар екен. Сол қуантты.

Шымкент қаласы бойынша бүгінгі таңда 4 ірі сауда желісінің 47 дүкенінде тауар сапасы да, бағасы да осындай. Олар тұрақтандыру қорынан бөлінген қаржы есебінен қымбатшылықты ырқына жібермей отыр. Сауда үйінің өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін шаруашылықтармен тікелей байланыс орнатқан.

Марат Ыстыбаев, сауда желісінің директоры:

Қай жерде баға тиімді болады. Басына барып, егін егілген жерден тікелей осы жерге алып келіп береді.

Қаладағы азық-түлік бағасын арнайы құрылған 4 мониторингттік топ тексеріп, қадағалайды. 19 түрлі азық-түліктің бағасы ұдайы олардың бақылауында.

Қайрат Базарбеков, Шымкент қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

Ағымдағы жылы сауда үстемесін 15 пайыздан жоғарылатқан 4 дүкенге ескерту берілді. Ол қайталанған жағдайда әкімшілік айыппұл салынатын болады.

Қымбатшылыққа жол бермеу үшін мегаполисте аптаның 4 күнінде азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Жыл соңына дейін әлеуметтік маңыздағы тауарларды арзан бағамен сататын тағы 7 дүкен іске қосылмақ.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу