Белгілі журналист, сықақшы Көпен Әмірбек 73 жасқа қараған шағында өмірден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Белгілі журналист, сықақшы Көпен Әмірбек 73 жасқа қараған шағында өмірден озды

09.11.2022

Қазақ сатирасы орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Белгілі журналист, сықақшы Көпен Әмірбек 73 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бұған дейін әріптестері танымал сатириктің ауыр дертке шалдыққанын жеткізген. Көпен Әмірбек 1950 жылы 29-наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елді-мекенінде дүниеге келген. Еңбек жолын Отырардағы халық театрында бастаған. Қазақ Ұлттық Университетінің 1973 жылғы түлегі. «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде бөлім меңгерушісі, Қазақ радиосында бас редактор қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасының авторы ретінде, өзі құрған «Көпен келе жатыр!» атты сатиралық театрымен көрерменге кең танылған тұлға.

Толымбек Әлімбекұлы, сатирик:

Шындығында көңілі ашық, шәкіртке деген пейілі түзу еді. Мына жалған өмірден ол кісіні жоғалтып алудың өзі үлкен қасірет. Арты қайырлы болсын, топырағы торқа болсын. Әлі жазғандарының көбі жарыққа шықпаған болуы мүмкін. Соны қолға алғаннан кейін оның өмірі ұзақ болатынына сенемін.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұжымы қазаға ортақтасып, марқұмның отбасы мен туыстарына көңіл айтады.


Хабарламаларға жазылу