Қаңтар оқиғасы бойынша сотталған 2 адам босап шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы бойынша сотталған 2 адам босап шықты

09.11.2022

Иә, отбасын сағынған бұл бозбала таяуда жақындарымен қауышады. Қаңтар оқиғасына қатысты сотталғандардың алды рақымшылыққа іліне бастады. Бостандыққа шыққандар кім? Қай баппен сотталып еді?

Бұл азамат Қаңтар оқиғасы бойынша сотталған. Бізден бет-жүзін көрсетпей, аты-жөнін атамауды өтінді. Қару ұрлаған үшін кінәлі деп танылып, бір жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Бірақ ол ел бойынша алғашқылардың бірі болып рақымшылыққа ілінді. Бірнеше ай жақындарынан жырақта болған бозбала отбасын сағынғанын, босап шыға сала ауылына баратынын айтты.

Жазасын өтеуші:

Әке-шешем бар. Үйленбегенмін. Сол әке-шешем, бауырларыма оралу ғана ғой ойда.

Астана қаласы бойынша Қаңтар оқиғасына байланысты 21 адам жазасын өтеп жатыр. Оның үшеуі осы қауіпсіздігі барынша төмендетілген мекемеде. Ал 18 адамның бас бостандығы шектеліп, пробациялық бақылауда тұр.

Рысбек Тұрғымбаев, қалалық Қылмыстық атқару департаменті бастығының орынбасары:

272 бап бойынша 10 сотталған, жаңағы 291 бап бойынша 3 сотталған, және 188 бап бойынша сегіз сотталған ұсталады. Осы сотталғандардың бәріне рақымшылық заңы қолданылып, Бүгінгі таңда материалдары Байқоңыр аудандық сотында жатыр.

Осы жерде жазасын өтеп жатқан бір адамның мерзімі қысқарса, екеуі дереу босатылады. Жалпы алғанда Қаңтар оқиғасы бойынша елде мың жарым адам рақымшылыққа ілінеді. Олардың барлығы қашан толық босап шығатыны әзірге белгісіз. Өйткені кейбір іс әлі тергеліп жатыр.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу