Лондонда Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған көпшілікке Қазақстанның көз тартар көркем жерлеріне саяхаттаудың артықшылықтары туралы айтылды. Отандық туроператорлар шетелдік әріптестерімен кездесіп, іскерлік қарым-қатынас орнатты.
Тұралап қалған туризм саласы пандемиядан кейін қайта қарқын ала бастады. Шектеулер жеңілдетілгелі саяхатқа деген қызығушылық артты. Халықаралық туризм көрмесі сол сұранысты қанағаттандыру үшін дүниежүзі бойынша 180 елден 5000-нан астам қатысушы және 150 мыңға жуық көрермен жинады.
Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:
Қазақстанда туризм тұрғысынан шетелдік қонақтарға көрсететін көп дүние бар екендігіне сенімдімін. Бұған қоса бұл сала біздің экономикамыз үшін өте қажет индустрияға айнала алады. Сондықтан менің ойымша, Қазақстанның осындай халықаралық көрмелерге белсенді қатысуы өте маңызды.
Басқаларды былай қойғанда британиялық саяхатшылардың елімізге деген қызығушылығы жоғары. Олар Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан көне қалаларымыз бен тылсым табиғатты тамашалауға ынтық. Оның үстіне ағылшындардан 30 күнге дейін виза талап етілмейді. Пандемияға дейін 2019 жылы 23 мыңға жуық британиялық Қазақстанға ат басын бұрған екен.
Том Пейдж, саяхатшы:
Өкілдеріңізбен отырып әңгімелестім. Экранда көрсетіліп жатқан видеоны көріп, таң-тамаша болдым. Меніңше, сіздерде дәстүр, мәдениет, сәулет өнері және табиғат керемет үйлесім тапқан. Мен Қазақстанда ешқашан болмадым, бірақ, 2023 жылы баруды жоспарлап отырмын.
Еуропалық турист Қазақстанға табан тірегенде орташа алғанда қалтасынан 1 500 доллар шығарады. Мәселен, 100 турист келсе, осындай іс-шараларға жұмсалған шығын салықтың есебінен толық жабылып, жергілікті бюджеттің де, бизнестің де кірісі еселене түседі,- дейді мамандар.
Марина Бекенова