Маңғыстау облысында тың жобаларға бюджеттен гранттар беріле бастады. Биыл осы мақсатқа 21 млн теңге бөлінген. Ал, келесі жылы 250 млн теңге қарастыру жоспарда бар. Басты талап – жоба өміршең болуы тиіс. Аймақ кәсіпкерлері «Ұлттық жоба» аясындағы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, ісін дөңгелетіп отыр. Соның нәтижесінде өнім көлемі артып келеді.
Жаңаөзендік жас кәсіпкер Ақмоншақ Ораз аз қамтылған отбасылардың балаларына киім тігумен айналысады. Өткен айда 10 шақты баланы киіндірген. Осы жобаның арқасында жуырда 1 млн теңге грант ұтып алды. Бұл қаражатқа тігін шеберханасын жабдықтап, жанына 2 адамды жұмысқа алған.
Нәзира Дәулетбаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Қыркүйек айында киім берді осы дүкеннен. Балаларым қазір жып-жылы қылып киіп жүр. Осы спорт киімдерін 2 бірдей қызымды түгел киіндіріп берді.
Құрық ауылы аумағында, теңіздің жағасында бой көтерген оңалту орталығы да кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламалардың жемісі. Бүгінде емдеу-сауықтыру шараларының пайдасын тұрғындар көріп отыр. Жер астынан шығып жатқан термалды су мен Каспийдің балшығы емге қолданылады.
Қондыбай Нәдіров, Ақшымырау ауылының тұрғыны:
Жалпы қан қысымым бар. Жүректің де ақауы бар. Аяқ кішкене ауырады. Соған ем іздеп келдім. Тегіншіліктің жайын айттым ғой жаңа. Сол үкімет арқылы, үкіметтің жеңілдігімен, екінші группа мүгедектігім бар.
Биыл облыста кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсетіле бастаған. Түрлі бағытта кеңестер ұйымдастырылып, несие алу жобаларына қолдау көрсетілді. Нәтижесінде кәсіпкерлік субьектілер саны 28 пайызға артып, 70 мыңға жуықтады. Осы салада қазір 140 мыңдай адам еңбек етіп жүр.
Жанна Тоқбаева, Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:
Биыл бізде жергілікті бюджеттен 21 млн теңге бөлінген болатын. Соны 4 кәсіпкер жеңіп алды. Бірақ сол 4 өтінімге 300-ден арта өтінім түсті. Облыс әкімінің тапсырмасымен осы қаржыландыру 10 есеге көбейіп, келесі жылы 250 млн теңге қарастырылып, сол гранттың аясы кеңейетін болады.
Облыста кәсіпкерліктің дамуына Мұнайлы, Қарақия және Бейнеу аудандарының тұрғындары айтарлықтай үлес қосып отыр. Ауыл-аймақтарда өңдеу өнеркәсібі, білім беру мен медицина салалары, сауда-саттық, жылжымайтын мүлік операциялары артып келеді.
Аягөз Оралбай