Келер жылдан бастап конституциялық сот өз жұмысын бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келер жылдан бастап конституциялық сот өз жұмысын бастайды

07.11.2022

Президентті 7 жылға сайлау туралы норма бекітілді. Бүгін Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова Мемлекет басшысы жария түрде қол қойған 6 заң жайлы айтып берді. Оның барлығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурыздағы Жолдауын іске асыруға бағытталған. Қабылданған құжатқа сай, президенттің өкілеттігі қысқарып, оның жақын туыстары лауазымды қызметтерге тағайындалмайды. Әрі мандаты 7 жылдық бір мерзіммен шектеледі. «Адам жөніндегі уәкіл» және «Прокуратура туралы» құжат қабылданды. Сонымен қатар депутаттар мен аудан, қала әкімдерінің сайлауы өтеді.

Алма Мұқанова, ҚР Әділет вице-министрі:

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау кезең-кезеңмен енгізіледі. Ол 3 кезеңмен өтеді. 2023 жылы әкімшіліктердің 25%, 2024 жылы тағы 25%, ал 2025 жылы барлық аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда өтеді.

Сондай-ақ, елімізде келер жылдан бастап конституциялық сот өз жұмысын бастайды. Бұл институттың қоғам өміріндегі алатын орны ерекше болады. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органға жүгіну арқылы қорғай алады.

Үнзила Шапақ, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің мүшесі:

Адамның құқығын жоғары ұстауымыз керек. Адам өзінің құқығы бұзылған кезде, өз құқығына нұқсан келтірілген жағдайда баратын есіктері көп болуы керек. Яғни, соның бірі жаңадан құрылып жатқан конституциялық сот. Конституцияның ішінде бекітілген, баяндалған құқықтар мен бостандықтарға кедергі келетін болса, оған қандайда қол сұғушылық болатын болса, сот шешімімен келіспеген жағдайда адамдар конституциялық сотқа жүгіне алады.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу