Қазақстандық өнерпаздар еуропалықтарды тамсантты. Бельгияға гастрольдік сапары аясында «ХасСак» этнофольклорлық ансамблінің өкілдері Брюссельдің басты алаңында концерт берді.
Сонау XII ғасырда салынған алаң туристер көп жиналатын шаһардың ең көрікті жерлерінің бірі. Шетелдіктерді мәдени мұрамызбен таныстыру үшін музыканттар осында жайғасып, төл туындыларды орындады. Ұлттық аспаптардың үнін алыстан естіген жұрт, алаңға ағылды. Өнерпаздардың талантына тамсанған еуропалықтар алпамса денелі қазақтарды көріп, тіптен абдырады. Бойы 2 метрден асатын жігіттер Алтын орда, сақ дәуіріндегі, Түрік қағанаты мен Қазақ хандығындағы батырлардың бейнесін көпшілікке паш етті. Шетелдіктер қазақ әртістерімен естелікке суретке түсіп, ашық аспан астында өткен әдемі шарадан алған әсерлерімен бөлісті.
Валенсия Тираго, турист:
Маған концерт қатты ұнады. Музыкалық аспаптарыңыздың үні ерекше. Әртістердің киімдері ғажап. Мәдениеттеріңізді осындай жоғарғы деңгейде көрсеткендеріңізге алғысым шексіз. Енді елдеріңізді өз көзіммен көргім келеді.
Саиб Мулен, Брюссель қаласының тұрғыны:
Әуендеріңіз ешбір елдің музыкасына ұқсамайды. Құлақтың құрышын қандыратын әуен. Ірі денелі батырларды көріп, құдды сол заманға тап болғандай әсердемін.
Нұрсұлу Қасым