Петропавлда кезекте тұрған азаматтарға 3 мыңдай жер телімі тегін беріледі. 400 гектардан астам аумақта жаңа үйлер салынбақ. Қазір құрылысты бастау үшін дайындық жүріп жатыр. Бүгінде 105 шақырым электр желісі мен 72 шақырым су құбыры тартылған. Ал жер алғандар тұрғын үйді бекітілген үлгі бойынша салуға міндеттеледі.
Эльмира Кәленова, тілші:
7-8 жыл бұрын мына жер жазық дала болатын. Қазір Солнечный кенті дамып келе жатқан аудандардың бірі. Бұған дейін қала тұрғындарына 555 жер учаскесі беріліп, 200-ден астам мынадай әдемі үй тұрғызылды.
Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі - Венера Иксанова. 15 жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының шарапаты тиіп, үй алудың сәті түскенін айтады.
Венера Иксанова, Солнечный кентінің тұрғыны:
63 шаршы метр пәтерді 7 млн 400 мың теңгеге алдық. Өте тиімді. Үстеме ақысы төмен. 13 жыл төлейміз. Былтыр үй суық болды. Биыл жазда кем-кетігін өзіміз жөндеп алдық. Аудан тыныш, ауасы таза. Өзіме ұнайды.
Ауданда тұрғын үйлермен бірге бала саны да көбейіп келеді. 2025 жылға дейін мектеп пен балабақша салу жоспарда бар. Ал жер телімдері кезекте тұрған азаматтарға ғана беріледі.
Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
Ол үшін қалалық жер қатынастары бөліміне келіп, өтініш жазу қажет. Жер берілгенде су, электр, жарық болады, бірге қосылған.
Жер алғандар үйді 3 жыл ішінде салып бітіруі тиіс. Егер шарт орындалмаса, учаске мемлекетке қайтарылады. Қала тұрғындарына берілетін 3 мың жер телімінің 2 мыңдайы Солнечный кентінде болса, қалғаны Южный ықшам ауданында орналасқан. Бүгінгі күні облыс орталығында 16 мыңнан астам адам жер алуға кезекте тұр.
Эльмира Кәленова