Президент дипломатиялық миссия басшыларымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент дипломатиялық миссия басшыларымен кездесті

04.11.2022

Атом энергиясын жойқын қару ретінде емес, тек бейбіт өмір үшін пайдалану керек. Шетелдік дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев осындай пікір білдірді. Президенттің сөзінше, қазір ядролық қаруды қолдану туралы қауіпті мәлімдеме артқан. Мемлекет басшысы Қазақстанның саясатында «біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» деген берік ұстаным барын тағы бір еске салды. 

Шетелдік дипломатиялық миссия басшылары пандемиядан кейін Ақордаға алғаш рет жиналды. Бұл жолы халықаралық сауда мен Қазақстанға инвестиция тарту мәселесі күн тәртібінде тұр. Еліміздің биыл көптеген мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл толған. Президент бұл кездесу ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған игі дәстүр екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Қазақстан 186 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Біздің 70 елде 104 мекемеміз бар. Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің саны да жылдан жылға артып келе жатыр. Қазіргі таңда елімізде 71 елшілік пен 30 халықаралық ұйым өкілдігі орналасқан. Бұл – жақсы көрсеткіш. Біз салиқалы сыртқы саясат жүргізіп, халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесіне айналдық. Бұған шетелдік әріптестеріміз, халықаралық ұйымдар елеулі үлес қосты. Баршаңызға ризашылығымды білдіремін. 

Қазақстан 180 елмен сауда жасайды. Президенттің айтуынша, дүние жүзіндегі экономикалық қиындыққа қарамастан, елдің шикізаттық емес экспорты 40 пайызға артқан. Өзге елге 1,5 млн тонна ұн экспорттаймыз. Бірақ өзіміздің нарық импорттық азық-түлікке тәуелді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұның инфляцияның өсуіне әсер еткенін айтты. Сонымен бірге Президент елде түрлі салада ауқымды реформалар жүзеге асқанын жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

3,5 жыл ішінде Қазақстанда саяси жаңғыру және адам құқықтарын қорғау жолында көп жұмыс атқарылды. Саяси реформалардың 4 топтамасы жүзеге асырылды. Азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігі кеңейді. Жалпы ұлттық диалог нығая түсті. Қоғам өкілдерінің белсенді болуына жол ашылды. Билік институттарының тиімділігі артты. 

Президенттің пікірінше, дипломатия халықаралық қатынасты басқарып, қауіпті азайтудың бірден-бір құралы. Ол атом энергиясын адамзаттың орасан зор жетістігі деп атады. Бірақ тек бейбіт өмір үшін пайдалануға үндеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Қазақстан БҰҰ-ның ядролық қаруды таратпау туралы бастамасын ерекше қолдап келе жатыр. Ядролық қаруды қолдану үлкен қауіпке алып келетінін ескеруіміз қажет. Атом энергиясын жойқын қару ретінде емес, халықтың тек бейбіт өмірі үшін пайдалану керек. 

Жиында Палестина мемлекетінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі де пікір білдірді. Мунтасер Әбу Зейд соңғы уақытта елде іске асқан саяси реформалар көп күттірмей нәтижесін береді деп есептейді.

Мунтасер Әбу Зейд, Палестина мемлекетінің Қазақстандағы төтенше және Өкілетті елшісі: 

Әлемдегі жағдай тұрақсыз уақытта Қазақстанның сындарлы, көпжақты саясатты жалғастыратынын білу біз үшін өте маңызды болды. Жақында елде өткен әлем назарында болған бірқатар маңызды халықаралық оқиғаның куәсі болдық. Дипломатиялық корпус әрқашан Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі.

Кездесу соңында мемлекет басшысы дипломатиялық миссия, халықаралық ұйым өкілдерімен серіктестікті жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. 

 Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу