Англия банкі базалық пайыздық мөлшерлемені рекордтық деңгейге көтеріп жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Англия банкі базалық пайыздық мөлшерлемені рекордтық деңгейге көтеріп жіберді

04.11.2022

Англия банкі базалық пайыздық мөлшерлемені рекордтық деңгейге көтеріп жіберді. Бұл соңғы 30 жылда болмаған жағдай дейді сарапшылар. Ұлыбританияның бас қаржы институты осылайша қымбатшылыққа төтеп бермек. Әйтсе де экономиканы қысқа мерзімде дағдарыстан алып шығу оңайға соқпайтын сыңайлы. 

Марина Бекенова, тілші:

Англия Банкінің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті бағаның өсуін ауыздықтау үшін базалық пайыздық мөлшерлемені бірден 0,75 базистік тармаққа, 3 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Бұған басты себеп шарықтаған инфляция. Елде азық-түліктің, жарық пен газдың бағасы аспандап кетті. Қымбатшылық деңгейі төртінші тоқсанда 40 жылдан бері болмаған рекордтық көрсеткішке, яғни 11 пайызға жетуі мүмкін.

Эндрю Бэйли, Англия банкінің басқарушысы:

Өткен жылдың желтоқсан айынан бері пайыздық мөлшерлеме сегізінші рет көтеріліп отыр. Егер біз қазір батыл әрекет етпесек, кейін жағдай күрделенеді. Бүгін жарияланған болжамдарға сәйкес бізді алда қиын кезеңдер күтіп тұр. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс экономикаға салқынын тигізіп отыр.
Мөлшерлеменің өсуі салымшылар үшін тиімді. Депозитте сақтаулы ақшаларының үстіндегі пайыздық үлесі көбейеді. Бірақ банктен несие алғандар қиналады. Өйткені пайыздың үстіне пайыз қосылады. Сарапшылардың пікірінше, энергетикалық дағдарысқа ұшыраған Ұлыбритания экономикасы рецессияға кірді және ол екі жылға созылуы ықтимал. Бұл уақыт ішінде экономика шамамен 3 пайызға қысқарып, жұмыссыздық деңгейі өседі. Осылайша қаржы дағдарысы 2008-2009 жылдарға қарағанда ұзағынан болғалы тұр.

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу