Ақмола облысы, Бұланды ауданына қарасты Никольское ауылының тұрғындары таза судан тарығып отыр. Себебі, су құбырларын жаңартамыз деген мердігер компания, елдімекендегі бар суды тоқтатып тастаған. Содан бері, бүгін-ертең қосамыз деп халықты сендіргеніне алты айға жуық уақыт өткен. Ауыл халқы бар мәселесін біздің арнамызға айтып, көмек сұрады.
Бәтима Әпи – зейнеткер. Қартайған шағында қара суға зар болды. Тіршілік нәрінің тапшылығынан көп шаруасы тұралап қалды. Тіпті, ала жаздай бау-бақшасын да суара алмаған.
Бәтима Әпи, Никольское ауылының тұрғыны:
Біз енді қиналып отырмыз. Кәрі кісілер үшін өте қиын. Даладан су тасып әкеп, жуынып шайынып, малдың суы. Жаз бойы бақшадан бір тал өнім алмадық.
1500-ға жуық тұрғыны бар ауылдың күні жаз бойы мына жалғыз құдыққа қарап қалған. Саябырлап аққан судың сапасы да көңіл көншітпейді. Бірақ халықта таңдау жоқ.
Құрмет Бекей, Никольское ауылының тұрғыны:
5 шақырымнан келіп тұрмын атпен. Осы жерге келгенде күні бойы кезек. Кейде үйге таңертең келсең, кешке барасың. Жауын-шашын болады. Тоңып зорға барамыз.
Мамыр айында «Монолит» компаниясы ауылдағы су құбыры желілерін жаңартуды қолға алған.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Су құбырларын тартамыз деп көшенің көп жерлерін қазып тастаған. Ауылдағы әр аттам жер мынадай үйілген топырақ пен ойдым-ойдым шұңқыр. Жұмыстың қарқынды жүріп жатқанынан күмән келтіруге болады. Өйткені, ауыл бойын аралап едік. Көргеніміз осы жалғыз трактор мен бір, екі жұмысшы ғана.
Көшелер астаң-кестең. Мамырда басталған жұмыс мардымсыз. Ауыл халқы арыздарын айтып, әкімдікке жиналды.
Халамхан Народ, Никольское ауылының тұрғыны:
Қыста қар түседі. Одан аяз болады. Қыста 40 градуста суды қайдан тауып ішеміз.
Сөйтсе, бар гәп мынада. Әуелі 500 млн теңге бөлінеді. Мердігер мамырда жұмысты бастайды. Бірақ, кейін материалдардың қымбаттағынын айтып, мемлекеттен тағы 270 млн теңге қаражат сұраған. Осылайша жұмыс қызатын жаз айы - жоба құжаттарын түзетуге кеткен.
Ермек Досжанов, облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Жобалық-сметалық құжаттарды түзетуге 3 ай уақытымыз кетті. Жазғы мерзімде жұмыстың тоқтап қалғаны рас. Негізі жөндеу жұмыстары биыл аяқталуы тиіс еді. Бірақ, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жаңа келісім жасалды.
Жаңа келісімге сәйкес, жөндеу жұмыстары тек келер жылдың 1 қазанында аяқталады. Ал мердігер компания әзірге әр көшеге уақытша құдық орнатып береміз деп отыр.
Дмитрий Новохатский, «Монолит» ЖШС өңірлік директоры:
Келісім бойынша біз ескі құбырларды жаңа құбырларға ауыстыру керекпіз. Суды тоқтатып қоймаса жұмыс жүрмейеді. Шұңқырлардың бәрін жабамыз. Тұрғындар биыл сусыз қалмайды. Жұмыс аяқталғанға дейін әр көшеге құдық орнатып береміз.
Ауылда бұдан басқа да мәселе жетерлік. Жайылым жетіспейді. Жолы отыз жылда бірде бір жөндеу көрмеген. Ал бұған тікелей жауапты әкім әзірге басқа іспен әлек. Лауазымды қызметінен бөлек, мектепте мұғалім. Қарашаның қара суығында халық қара суға зар боп отырғанда ол каникулды пайдаланып, еңбек демалысына кетіпті.
Раушан Сайлауқызы