Сайлау-2022: Үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына 15 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау-2022: Үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына 15 күн қалды

03.11.2022

Үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына 15 күн қалды. Сондықтан ел басқарудан үмітті кандидаттар әр минутты құр жіберіп жатқан жоқ. Өңір-өңірді аралап, сайлауалды бағдарламасын таныстырып, өзіне дауыс беруге шақыруда.

Қасым-Жомарт Тоқаев штабының өкілдері жетісуда

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі штаб мүшелері үгіт-насихат жұмыстарымен Жетісу өңірінде жүр. Бүгін олар зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, тарихи мұраны сақтау, мәдениетті қолдау және отандық өнерді дамытуға қатысты пікір алмасты. Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Әрі жергілікті кәсіпкерлермен кездесуде бизнестегі түйткілдерді талқылап, Көксу қант зауытына барды. Мұнда өндірістегі қауіпсіздік, еңбек адамын қолдау секілді мәселелер сөз болды.

Ерлан Қошанов, Республикалық қоғамдық штабтың басшысы:

Өздеріңіз білесіздер алда Президент сайлауы келе жатыр. Бірнеше өңірді аралап келе жатырмыз. Абай, Ұлытау, Алматы облыстарында болдық, Қарағандыда болдық. Халықпен соның ішінде зиялы қауыммен де кездестік. Өте жылы, мағыналы әңгімелер болды. Сол өңірдің ғана емес, мемлекеттік тұрғыдағы үлкен, биік әңгімелер болды.

Мейрам Қажыкен ГЭС қызметкерлерімен кездесті

Ел президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкеннің іс-сапары Өскемен қаласында жалғасты. Әуелі облыстық диагностикалық орталықта медицина қызметкерлерімен кездесті. Кейін «Өскемен Гидро электр стансасына» барды. Жұмысшыларға бағдарламысының негізгі бөлімдерін айтты. Шара барысында мамандар үміткерге шағын экскурсия жүргізді. «Алғашқы мамандығым инженер гидротехник» деген кандидат су бөгетінің биігіне де көтерілді. Электр энергиясын өндіретін бұл кәсіпорынның қуаттылығы 335 МВт.

Олег Изотов, ГЭС техникалық директоры:

Негізгі міндеті қауіпсіз электр энергиясын өндіру. Біздің тұтушылар – Жалпы Шығыс Қазақастан облысының халқы. Басқару желілері және кәсіпкерлер. Мұнда 140-қа жуық адам қызмет етеді. Негізгі құрам вахталық жүйеде тәулік бойы өз міндетін атқарады. Жетпіс жылдан бері кәсіподақ бірлестіктері де жұмыс істеп келеді.

Қарақат Әбден Ақтөбе облысы орталығындағы өңірлік штабта болды

Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесіп жүрген Президенттікке кандидат Қарақат Әбден бүгін аймақ орталығындағы өңірлік штабта болды. Атқарылған жұмыстармен танысып, тапсырмалар берді. Сайлауалды штаб кестеге сай жұмыс істеп тұр. Қажетті құрал-жабдықтармен, техникамен толық қамтылған. Ақпараттық материалдар жеткілікті. Штабта 4 адам жұмыс істейді. Облыс бойынша үгіт-насихатқа 135 волонтер тартылған.

Қарақат Әбден, Президенттікке кандидат:

Халықаралық сайлау эксперттері де штабқа келіп, сұрақтарын қойып жатыр. Оның бәріне өңірлік штабтарымыз жұмыс істеуге дайын. Штабтардың жұмысы Сайлау туралы заңның талаптарына сай жұмыс істеуде.

Жигули Дайрабаев Жаркентке барды

Президенттікке «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев пен оның партияластары Жетісу облысына барды. Жаркент қаласында шаруалармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Өңірде көбіне жүгері өсіріледі. Бірақ су тапшылығына байланысты суармалы жерлер толық пайдаланылмай жатыр. Осыған байланысты таудан аққан суды оңтайлы қолданып, су қоймаларын салу керек, дейді фермерлер.

Олжас Жапарқұлов, Агрохолдинг құрылтайшысы:

Климаттың өзгеруіне байланысты өзендердегі су тартылып барады. Панфилов ауданында 4 өзен бар. Біріншісі қытаймен бірге ағатын Қорғас өзені. Екіншісі Тышқан өзені. Үшіншісі Өсек өзені. Төртіншісі тағы бар. Жалпы ауданда бұрын 46 мың га жер игерілетін. Қазір 25 мың га жер игеріліп тұр. Қалғанына су жетпейді.

Нұрлан Әуесбаев Наурызбай ауданының мұғалімдерімен кездесті

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев пен партияластары Алматы қаласына барды. Үгіт-насихат жұмыстары төңірегінде Наурызбай ауданының тұрғындарымен, мектеп ұжымымен жүздесті. Өзін ұсынған «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы туралы ақпарат беріп, сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Кездесуге жиналғандар кандидаттың бағдарламасы бойынша түрлі сұрақтар қойып, пікір алмасты. Нұрлан Әуесбаев күні бүгінге дейін елдің 6 аймағын аралап шықты.

Нұрлан Әуесбаев, Президенттікке кандидат:

176 қазақ мектеп гимназиясында болдық. Оқытушылар мен көптеген адамдар қатысты. Жалпы, кездесулердің бәрі ұнап жатыр. Халық үлкен пікір алмасудан кейін көптеген сұрақтар туындап, ашық-жарқын сұрақтарын қойып, осындай көп мәселелер қызықтырып жатыр.

Салтанат Тұрсынбекова алматылықтарға пайдалы кеңес берді

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова үгіт-насихат науқанымен Алматы қаласына барды. Шаһар тұрғындарымен және штаб өкілдерімен кездесу өткізіп, сайлауалды бағдарламасына тоқталды. Жұрттың толғандырған сұрақтарына жауап берді. Тұтынушылардың құқығын қорғау жайын сөз етіп, пікір алмасты. Салтанат Тұрсынбекованың айтуынша, қазір қазақстандықтардың барлығы бірдей заңнаманы біле бермейді.

Салтанат Тұрсынбекова, Президенттікке кандидат:

Қазақстандықтардың 35 пайызы тұтынушы құқығы бұзылса ешқайда жүгінбейді екен. Сауда орталықтарына, дүкендерге, базарларға, тамақтану орындарына барамыз. Осы мәселелерде тұтынушы ретінде құқықтарымыз қаншалықты қорғалған? Кәсіпкермен жанжал туындаған жағдайда қайда жүгінетінін білмейді.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу