Ресейде санкция салдарынан қағаз жетпей жатыр. Бұл өнім түрін өндіруге қажетті химиялық заттар жоқ. Себебі олар сырттан импортталып келген. Бұл Ресей қағазын тұтынып отырған Қазақстан нарығына да кері әсерін тигізері анық.
Индира Бегайдар, тілші:
Әдетте Ресей Солтүстік Еуропа елдерінің комбинаттарынан дайын өнімді жеткізсе, қазір олармен байланыс үзілген. Сондықтан А4 форматындағы қағаздың бір қаптамасы 300 рубльден 2000 рубльге, яғни шамамен 15 мың теңгеге бір-ақ көтерілген. Қоймадағы қор таусылуға жақын. Мамандар қағаздың дефициті бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін айтады. Қиындық тек қағаз өндірушілерді ғана емес киноиндустрия саласын да тығырыққа тіреді. Санкцияның әсерінен олар миллиардтаған шығынға батты.
Роман Исаев, кинотеатр иелері қауымдастығының мүшесі:
Ресей киноиндустриясында Голливуд кассалық жиынның 75 пайызын беретін. Наурыз айында Голливуд кетті. Отандық кино оны алмастыра алмайтыны түсінікті. Бұл салаға жылына 14,5 млрд рубль бөлінетінін ескерсек, ақша желге ұшты деген сөз.
Сонымен қатар авиациялық техника, көлік шығаруға қажет құралдардың тапшылығы туындады. Ірі автомобиль маркалары елден кететінін мәлімдеді. Ал индустрия және сауда министрлігі мемлекеттік секторға импорттық компьютерлерді, тұрмыстық техниканы және телекоммуникациялық жабдықты сатып алуға тыйым салуды ұсынды. Қаржы ұйымдарының да жағдайы мәз емес. Санкцияға байланысты Ресей азаматтары банктерден жалпы сомасы 500 млрд-тан астам рубльді шешіп алған.
Индира Бегайдар