Атыраудың Құрманғазы ауданында ауыз су көздері тексеріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудың Құрманғазы ауданында ауыз су көздері тексеріліп жатыр

02.11.2022

Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданындағы ауыз су көздері ластанған болуы мүмкін. Мамандар шалғайдағы елдімекендерге барып сынама алды.

Жандос Темірғали, тілші:

Ақпарат көздері 28 қазан күні Волгаград облысы Ворошилов ауданында кәріз суының құбыры істен шығып, салдарынан лас су Еділ өзеніне құйылғанын хабарлаған еді. Осы оқиғадан кейін, Ресеймен шектесетін Құрманғазы ауданындағы Қиғаш және Шора өзендеріне кәріз суы құйылуы ықтимал екенін РФ санитарлық-эпидемиологиялық қызметі ескертті. Қауіптісі сол - Қиғаш пен Шора Еділмен жалғасып жатыр. Өзенді жағалай орналасқан елдікендерде 57 мыңнан астам тұрғын бар. Бүгін Құрманғазы аудандық сантиралық-эпидемиологиялық басқармасының мамандары аталған екі су айдынына тексеру жүргізді. 7 сынама алды.

Сынама Қиғаш пен Шорадан және су тазарту қондырғыларынан алынды. 7 сынама сантиралық-химиялық, микробиологиялық, вирусологиялық және паразитологиялық зертханадан өтеді. Нәтижесі 3-4 күнде шығады. Сонымен қатар, су жабдықтау нысандарына өндірістік бақылауды, дезинфикциялау режимін күшейту туралы тапсырма берілді. Әзірге ауданда ахуал бірқалыпты. Жағдай қатаң бақылауда.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу