Талдықорған қаласының бір бөлігі көгілдір отынсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорған қаласының бір бөлігі көгілдір отынсыз қалды

02.11.2022

Қыстың көзі қырауда Шығыс Қазақстанда 9 ауылға газ беру тоқтады. Талдықорған қаласының да бір бөлігі көгілдір отынсыз қалды. Екі жағдайда да құбырда ақау пайда болып, газдың сыртқа шығып жатқаны анықталған. Апатты жою қолға алынғанымен, әзірге нәтиже жоқ.

Зайсан ауданындағы тоғыз ауылдың тұрғындары осымен екінші тәулік көгілдір отынсыз қалып отыр. Бұған елдімекендерге газ жеткізетін жоғарғы қысымды құбырдан шыққан ақау себеп болды. Бас аяғы 1700-ге жуық абонент табиғи газдан ажырады. Бұл жағдайға байланысты әкімдік жедел штаб құрып, әрекетке кірісті. Айта кету керек ауылдарда әлеуметтік нысандар жұмысын тоқтатқан жоқ.

Серік Тілемісов, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:

Газды құбырларға жіберу арқылы тексеру жұмыстарын жүргізіп көреміз. Егер де ешқандай ақаулар орын алмаса, онда ауылдарға таратуды бастаймыз.

Ал Талдықорғанда жер астындағы жартылай қысымды құбырдан газ шығып, 750-ден астам үйге сұйық отын беру тоқтатылды. Қазіргі таңда газ таратушы мекеме апаттың себеп-салдарын нақтылап, ақауды жоюға кіріскен. Бірақ тұрғындардың қайтадан көгілдір отынға қашан қосылатынын дөп басып айту қиын дейді мамандар.

Бейбарыс Тілеубаев, Апаттық-диспетчерлік қызметінің бастығы:

Нақты уақыты әзірге белгісіз. Өйткені мына ақауды тауып, оның материалын анықтау қажет. Содан кейін анық болады.

Апаттың алдын алу мақсатында бірнеше шағын ауданда газ тарату жүйелері автоматты түрде өздігінен өшіп қалды. Нәтижесінде көпқабатты тұрғын үйлердегі абоненттер де көгілдірсіз отынсыз отыруға мәжбүр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу