Президент Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойды

02.11.2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойды. Еске салсақ, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз» деп айтқан еді. Құжатқа сәйкес, 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінеді. Заң жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасағандардың барлығын қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды көздейді.

Жаза басқандарға жаңа мүмкіндік. Бұл заң жобасы – ізгілік құжаты іспетті. Қаңтардың 4-і мен 7-і күндері жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыс жасағандарға рақымшылық жасауды көздеп отыр. Бірқатары қылмыстық жауапкершіліктен босайды, енді басқаларына жаза мерзімі қысқарады.

Бірақ, бұл жеңілдіктің қаралы қаңтарда ойран салып, қанды қырғын жасағандарға қатысы жоқ. Яғни, террористер мен экстремистер, тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар тиісті жазаларын өтейді. Рақымшылыққа қасақана емес, абайсызда қылмыс жасағандар ғана ілігеді. Нақтырақ айтсақ, тәртіпсіздікке қатысқандар мен ұрлаған, тонағандар. Ал лауазымын асыра пайдаланып, азаматтарды азаптаған күштік құрылым қызметкерлеріне де рақымшылық жоқ. Заңда бұл мәселе де ескерілді. Өйткені, азаптау бойынша ондаған адам зардап шегіп, алтауы қайтыс болды. Ұсталғандарды қорлағандардың 17-і полиция, 12-і ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері.

Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

53 бапқа байланысты рақымшылық жасалады. Ал енді рецидивист, террористр, экстремист, Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар және азаптау баптарымен үкім шыққандарға бұл рақымшылық қолданылмайды.

Мәди Мырзағараев, адвокат:

Азаптау көрсеткендердің бірде-біреуі рақымшылық заңына ілікпейді және рақымшылық заңы қолданылмайды. Рақымшылық заңының қабылдануының өзі мемлекеттің тек қана жазалаушы ғана емес оның кешірімді бейнесін көрсетіп отыр. Бұл өте ауқымды және гумманизмі жоғары заң боп қабылданып отыр.

Қазір Қаңтар оқиғасы бойынша 1100-ден астам адамға сот үкімі оқылған. Басым бөлігінің бостандығы шектелді. 120-дан астам адам түрмеге кесілген. 300-ден астам адам қамау орындарында сот үкімін күтіп отыр. Қаңтарға қатысушыларға рақымшылық қолдану бойынша түпкілікті шешімді әрбір іс бойынша сот қабылдайды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу