Маңғыстау өңіріндегі Құланды ауылының тұрғындары 10 шақты тың жобаны жүзеге асырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау өңіріндегі Құланды ауылының тұрғындары 10 шақты тың жобаны жүзеге асырды

31.10.2022

Бірлігі жарасқан ауыл. Маңғыстау өңіріндегі Құланды ауылының тұрғындары 10 шақты тың жобаны жүзеге асырды. Оның ішінде халықтың тұрмысына ең қажеттісі 2 бірдей құдықтың қазылғаны. Нәтижесінде бүкіл ауыл сапалы суға қол жеткізді. Бастамашыл тұрғындардың игі ісі көрші ауыл-аймаққа үлгі болып отыр. 

Тұрғындар дөңнің басынан құдық қазбас бұрын көп ойланған. Себебі, бұған дейін бұл маңнан су шықпапты. Шықса да, мал ішуге жарамсыз. Соған қарамастан қуаңшылықта қиналған халық тәуекелге бел байлаған. Көптің тілегі қабыл болып, қоры мол су табылды.

Сәбит Төкенов, ауыл тұрғыны:
Су дейтін өзі кез-келген жерде су жоқ. Құдықтардың көбі ащы. Мына жылқы малы ішпейді соның ішінде. Өрістен қазылған құдық. Суы жақсы. Тұщы мұның бір қызығы. Бұл енді ауылдың азаматтарының, ауылдың халықының ырыс-несібесі деп білемін.

Екінші құдық ауыл ішіндегі саябақта қазылды. Бұл жерден де ауыз суға жарамды тіршілік нәрі шықты. Тұрғындар тұщы сумен саябақтағы жасыл-желекті суаруда.

Төлес Салықбайұлы, ауыл тұрғыны:
Қазір бізде тоқ та бар, су да бар, интернетте бар. Мына жігіттердің талабы тасысын деймін. Халыққа қызмет жасап жатыр. Ұйымдастыруларының жақсылығының арқасында қазір сулы болып, ағаштарымыз көктеп, көкжелектің ішінде тұрмыз қазір.

Қарақия ауданына қарасты Құланды ауылының құрылғанына биыл-40 жыл. Осыған орай, кіре-беріске, кезінде жылқы өсіретін кеңшар болған ауылдың тарихы бейнеленген арнайы белгі қойылды. Жобаға бүкіл ауыл атсалысқан. Аға буын бағыт-бағдар беріп, жастар құрылыс жұмыстарын жасады.

Санат Төкенов, Құланды ауылының әкімі:
Қазіргі жұмыссыз болып тіркелген 45 адам бар. 45 адамның 32-сін жұмыспен биылғы жылы қамтыдық. Жылдың аяғына дейін қолымыздан келгенше бұл жұмыссыздықты түбегейлі жоймағанмен, енді жоғары дәрежеде жұмыс жасайтын боламыз.

Елдімекенде 1800-ге жуық тұрғын бар. Әлеуметтік нысандармен қамтылған. Мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Спорт залды да ауыл тұрғыны салып берген. Құланды облыстағы үздік ауыл. Ал елдімекенді басқарып отырған азамат тұрғындардың бағалауы бойынша аймақтағы үздік ауыл әкімі атанған. 

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу