Алматыда тұруға жарамсыз баспаналар бұзылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда тұруға жарамсыз баспаналар бұзылып жатыр

31.10.2022

Алматы қаласы Зерделі ықшам ауданында 9 қабатты екі тұрғын үй жарамсыз деп танылып, бұзылып жатыр. Ал бұған көрші үйлердің тұрғындары қатты алаңдаулы. Өйткені маңайда орналасқан тағы бірнеше баспананың іргетасы сыр беріп, қисая бастаған. Сапасыз құрылысқа кім жауапты? 

Бұл осыдан 10 жыл бұрын құрылысы басталып, 8 жыл тұралап қалған 9 қабатты тұрғын үйлер. Бүгінгі адам шошырлық қалпы осы. Кезінде жергілікті бюджеттен 700 млн теңгеге жуық бөлінген. Жарамсыз баспананы бұзу жұмыстары басталғалы тұрғындардан маза кеткен.

Алатау ауданының бас жоспары бойынша бұл 108 пәтерлі тұрғын үйлер болуы керек еді. Алайда құрылысы аяқталмай жатып, іргесі сыр берген және қисайып кеткен. Қалалық құрылыс басқармасы мамандарының сөзінше, мұндай жағдайға мердігер компания басшыларының жауапсыздығы себеп болған.

Айдар Нұрғожаев, қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
Бетонның нығыздығы, арматуралары талапқа сай келмейді. Үй дұрыс салынбаған. Мердігердің өзі жұмысын дұрыс істемеген. Уақытылы жасамаған. Мәселесі көп компания дейді ғой. Құрылыс басқармасы тарапынан сотқа арызданып, соттың шешімі бойынша бюджетке ақшасы қайтарылды.

Соттың үкімімен бюджетке қайтарылған ақша 140 млн теңге ғана. Бір қызығы бұл сома құрылысқа кеткен қаражаттан 6 есе аз. Ал, екі бірдей үйді бұзуға 1млрд 400 млн теңге бөлініпті. Барлығын қоса алғанда, 2 млрд теңгеге жуық ақша желге ұшқан.

Маңайда тағы бірнеше үй қисайған. Соның біреуі міне мынау. Тұрғындар алаңдаулы өйткені, баспананы түзеу жұмыстары жүріп жатқанына қарамастан, барар жері жоқ азаматтар осы пәтерлерде тұруға мәжбүр.

Тұрғындар мәселе мердігер компанияларда ғана емес, бұл жағдайға нысанды қабылдағандар да кінәлі деп отыр.

Гүлнар Қозыбақова, Зерделі ықшам ауданының тұрғыны:
Қалай болса солай салған ғой. Біз білген жоқпыз. Білсек кірмес едік. Жөндеу жұмысын жасап алғанбыз. Жасап қойғаннан кейін естідік мына үйлердің бәрі қисайып тұрғанын.

Құрылыс басқармасының мамандары мәселе жерде, дейді. Айтуларынша, ықшам аудан орналасқан аумақтың топырағы жұмсақ . Сондықтан аудандағы 9 қабатты 32 үйдің жетеуінің іргетасы шөккен. Оларды қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал, мына апатты үйлерді бұзу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу